Сот отырысы барысында бейнебақылау камералары түсірген бейнежазбалар көрсетілді. Кадрлардан автокөліктің Әл-Фараби даңғылымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткенін және басқа көлікпен соқтығысқанын көруге болады.
Сондай-ақ сотқа «У Афанасича» мейрамханасының тұрағынан түсірілген жазба ұсынылды. Іс материалдарына сәйкес, жол апатына дейін сотталушы Пак достарымен бірге осы жерде демалған. Бейнежазбада түнгі сағат 03:31–де тұрақтан 6 автокөліктің Достық даңғылы бойымен Әл-Фарабиге қарай шыққаны көрінеді. Олар жол ережелерін бұзып, қос тұтас сызықты кесіп өткен.
Сот барысында айыпталушымен бірге қайғылы оқиға алдында бірге болған таныстарынан жауап алынды. Атап айтқанда, куәгер Адам Мархиев 20 наурыз күні кешке, шамамен сағат 20:00–де Абылай хан — Құрманғазы көшелерінің қиылысында Николай есімді досымен кездесіп, «У Афанасича» дәмханасына барғанын айтып берді.
— Отырып, тамақтандық. Таныстар көп болды. Мен такси шақыртып, шамамен сағат 00:00–де үйге қайтып кеттім. Үстел басында 5 шақты адам отырдық, олардың арасында Александр Пак та бар еді. Ондағылардың бәрін бірдей тани бермеймін. Бұл жай ғана достар арасында кездесу болды, ерекше ештеңе жоқ. Мен стейк пен кола алдым. Пактың не тапсырыс бергені есімде жоқ. Мен ең кеш дегенде түнгі 00:00 мен 00:15–тің арасында кетіп қалдым. Таңертең сағат 9-да оянғанымда, достарымның жазғанын көрдім. Қайта қоңырау шалғанымда маған жол-көлік оқиғасы болғанын айтты. Содан кейін ауруханаға барып, мән-жайды білдім. Онда жарты сағаттай тұрып, көмегімді ұсындым. Таныстар мен туыстар жиналып қалыпты. Оқиғаның қалай болғанын нақты білмедім, маған шамалап түсіндірді, — деді ол прокурор мен адвокаттардың сұрақтарына жауап бере отырып.
Куәгердің айтуынша, ол кездесу кезінде ішімдік ішілгенін көрмеген және үстел үстінен де спирттік сусындарды байқамаған. Сондай-ақ ол Александр Пакты бір жарым жылдай уақыттан бері танитынын айтып, оны «жауапты, әділ әрі адал адам» деп сипаттады және оның тарапынан ешқандай жағымсыз қылықтар көрмегенін атап өтті.
Еске салайық, бүгінгі сот отырысында үшінші жәбірленуші де Пакті кешірді.
Өткен сот отырысында тағы екі жәбірленуші айыпталушыға кешірім берген болатын.
2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.