Алакөлде демалу шетелден қымбат па – әкім жауап берді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысы Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов Алакөлдегі демалыс құны туралы пікір білдірді.
Аудан әкімі әлеуметтік желіде тараған «Мысырда демалу отандық курортқа қарағанда арзан» деген пікірге қатысты ойын айтты.
– Бұл – нарық. Біреу Мысырға барады. Бұл – олардың таңдауы. Мүмкін орынды да шығар. Бірақ мен Алакөлде демалу қымбатырақ деп айта алмаймын. Бәрі қызмет көрсету деңгейі мен демалушылардың қалауына байланысты. Иә, бізде қызмет сапасына қарай бағасы жоғары демалыс орындары бар, бірақ үш мезгіл тамағымен күніне 17–20 мың теңге болатын қолжетімді орындар да жоқ емес. Тәулігіне 100 мың теңгеден асатын нөмірлер де бар – бұл басқа санат. Жалпы баға 15 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін өзгереді. Біреуге бұл қымбат көрінуі мүмкін, ал біреу үшін орынды. Иә, қымбат қонақүйлер бар, бірақ олардың баға қоюына тыйым сала алмаймыз. Мүмкін ел бойынша белгілі бір баға саясаты немесе нормативтер әзірлеу қажет болар. Әзірге бұл – нарық. Қарасаңыз, тіпті қымбат қонақүйлерде де бос орын жоқ, - деді Алмас Әбдинов.
Сонымен қатар әкім Үшарал әуежайы мен теміржол вокзалынан Ақши және Көктұма курорттық аймақтарына дейінгі такси бағасының қымбаттауына шағымданған туристердің пікіріне де тоқталды. Оның айтуынша, мәселені шешу үшін Ақши ауылынан тұрақты автобус бағытын іске қосуға субсидия бөлінген, қазір конкурс өткізіліп жатыр. Одан бөлек бірқатар қонақүйлер мен демалыс орындары қонақтарын жеткізу қызметін ұйымдастырады — бұл да олардың қызмет бағасына әсер етеді.
– Такси мәселесі расында күрделі. Мен такси жүргізушілерімен де сөйлестім. Әрқайсысының айтары әртүрлі. Оларға «жол жақсы, бензин де қымбаттап жатқан жоқ» деймін. Бірақ бәрі қайтадан нарықтық қатынастарға тіреледі. Олардың ресми тіркелген-тіркелмегенін сұраймын — бұл кезде жауаптан жалтарып кетеді. Бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Өз тарапымыздан бақылау жүргіземіз, - деді аудан әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Алакөлдегі қауіпсіздік пен санитария мәселесі Үкімет деңгейінде қаралатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан Алакөлде шипажай кешенін салатынын жазған едік.