Алан Құрманғалиев WTT Youth Contender турнирінің жеңіпазы атанды

АСТАНА. KAZINFORM —  Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының 17 жасар өкілі Алан Құрманғалиев Сауд Арабиясының Даммам қаласында өткен WTT Youth Contender 2024 турнирінің жеңімпазы атанды.

Фото: olympic.kz

Ол 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында жекелей сында барлық қарсыластарын жеңіп, алтын медаль жеңіп алды.

Әлемдік рейтингіде 195-орында тұрған отандасымыз жарысты екінші кезеңнен бастап, алғашқы ойында Сауд Арабия өкілі Әли Алтайрды 3:0 есебімен жеңсе, ширек финалда үндістандық Сарыз Мишраны 3:1 есебімен қапы қалдырды.

Сондай-ақ, Алан Құрманғалиев жартылай финалдық және финалдық бәсекеде Үндістан өкілдері Джаш Моди мен Анкур Бхаттачаржиды жеңді.

Еске сала кетейік, 7-13 қазан аралығында Астанада үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты өтеді. 

Айта кетерлігі Қазақстан астанасы құрлықтық біріншілікті алғаш рет ұйымдастырып отыр.

Чемпионатқа Азияның бүкіл үздік ойыншылары қатысады. Жарыста жалпы 26 елден барлығы 210 спортшы өнер көрсетеді.

Медальдарды Бахрейн, Гонконг, Үндістан, Иордания, Иран, Йемен, Катар, Қытай, Қытайдың Тайбэйі, КХДР, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив, Моңғолия, Непал, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сингапур, Таиланд, Өзбекстан, Филиппин, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея, Жапония және Қазақстанның шағын ракетка шеберлері өзара сарапқа салады.