Алашағыңызды ала алмай жүрсеңіз не істеу керек – адвокат кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде алаяқтықтың түр-түрі бар. Соның бірі – қарыздың қайтарылмауы. Қарыз берерде сақтық үшін не істеу қажет? Алашақты қалай өндіріп алуға болады? Ақмола облысы адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жаңабаев осы сауалдар төңірегінде кеңес берді.
Қарыз, несие және бөліп төлеудің айырмашылығы
Қарыз дегеніміз – бір азаматтың екінші азаматқа ақшасын немесе мүлкін уақытша беруі. Қарыз алушы қарыз берушіге дәл сол соманы өзара келісімшартта көрсетілген мерзімде қайтаруы тиіс. Бұл ҚР Азаматтық кодексінің 715-бабында көрсетілген.
– Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың азаматтарға қарыз беруіне тыйым салынады. Азаматтар мен заңды тұлғалар да жеке кәсіпкерлерден қарыз ала алмайды. Егер мұндай келісімшарттар жасалса, заңды күші болмайды, – дейді маман.
Ал банктен немесе микроқаржылық ұйымнан алынатын несие – осы қызмет түріне лицензиясы бар мамандандырылған ұйымнан белгіленген үстеме ақыға (пайызға) қаржы алу.
Бөліп төлеу – сатып алынған тауарға немесе көрсетілген қызметке ақысын дәл сол сәтте емес, кешіктіріп төлеу мүмкіндігі. Ал заңдық бөліп төлеу – сатып алу – сату келісімшартында көрсетіледі, яғни төлемді кешіктіріп төлеуге құқық беретін құжат.
Демек, қарыз тек жеке азаматтар арасында беріледі, несиені тек арнайы лицензиясы бар банктер немесе микроқаржылық ұйымдар береді. Ал бөліп төлеу – қарыз емес, тауарға немесе көрсетілген қызметке төленетін төлемнің бір тәсілі.
Қарыз берерде сақтық үшін не істеу қажет?
Берген қарызыңызды қайтара алмай, әуреге түспеуіңіз үшін заңгер бірнеше сақтық шарасын ұсынады:
- Қарыз алу жөнінде қолхат жаздырып алу. Бұл – ең сенімді жолдың бірі. Онда қарыздың көлемі, қайтарылатын мерзімі және екі тараптың да қолы мен қолхат жазылған күні көрсетілуі тиіс;
- Қарыз алу туралы келісімшарт жасасу. Бұл – ресми нұсқа. Онда қарызды қайтару шарттары, үстеме пайызы және уақытынан кешіктіргені үшін қосылатын айыппұл жазылады;
- Қарыз бергеніңіз жөнінде дәлелдер жинау. Егер қолхат не келісімшарт жоқ болса, әлеуметтік желі парақшаларында жазысқан хаттарды, сөйлескен сөздердің аудиожазбаларын т.б. сақтаңыз. Бұлар қарыз бергеніңіз жөнінде дәлел болады;
- Онлайн ақша аударымдарын қолдану. Егер қарызды қолма-қол бермей, қаржыңызды банк немесе электронды төлем жүйелері арқылы аударсаңыз, «із» қалдырасыз. Дау туындаған жағдайда, онлайн ақша аударымын дәлел ретінде қолдана аласыз.
Сондай-ақ, адвокат қарызыңыз қайтарылмаса, мәселені алдымен бейбіт жолмен шешуге кеңес береді. Оныңыздан түк шықпаса, полицияға не сотқа шағым түсіріңіз. Қажетті құжаттарды толтырып, арыз-талабыңызды дайындауда заңгер көмегіне жүгінгеніңіз абзал.
Заңгердің сөзінше, сотқа шағым түсіруге болатын ең төменгі ақша көлемі немесе мүлік құны заңнамада белгіленбеген. Тіпті, 10 мың теңге қарызыңызды ала алмай жүрсеңіз де, борышкерді сотқа беруге құқылысыз.
ҚР Салық кодексі 610-бабының 1-тармағы 1-тармақшасына сай, сотқа мүліктік шағым түсіргенде, жалпы соманың 1%-ы мемлекеттік баж ретінде төленеді. Алайда баждың мөлшері 10 000 АЕК-тен аспайды.
– Қазақстанда көп жағдайда қарыз шетелдік валютамен беріледі. Бірақ заң бойынша, ел аумағында қаржылық міндеттер теңгемен жүзеге асырылуы керек. Сол себепті, қарыз алу туралы қолхатта не келісімшартта сома теңгемен көрсетілуі тиіс, – деп түсіндірді Нұрлан Жаңабаев.
Егер келісімшартта немесе қолхатта қарызды қайтарудың мерзімі көрсетілмесе, онда ақшаны қайтаруды кез келген уақытта талап етуге болады. Қарыз алушы талабыңызды білген соң, 30 күн ішінде қаражатты қайтаруға міндетті.
Сонымен бірге, уақытыңызды және жүйкеңізді алатын дау-шардан қашу үшін қарыз беру барысында екі куәгер тартқаныңыз артық етпейді. Олардың жеке куәлігіндегі немесе төлқұжатындағы деректердерді қолхатқа қосқан дұрыс.
Қолхат жазудың шарттары
Қолхат дегеніміз – сіздің ақша бергеніңізді, ал қарыз алушы қаржыны қайтаруға міндетті екенін бекітетін жазбаша құжат. ҚР Азаматтық кодексінің 716-бабына сәйкес, қолхат қарыз беру туралы жазбаша келісімшарт ретінде ресми мойындалады. Дегенмен, оның заңды күші болуы үшін құрылымы мынадай болуы тиіс:
- Қолхат компьютерде терілмей, қолмен жазылуы керек;
- Құжаттың үстіңгі бөлігінде қолхат жазылған күні мен орны көрсетіледі. Ал мәтінде қарыз берілген күн мен қайтару мерзімі мынадай формада жазылады: күні – цифрмен, айы – сөзбен, жылы – төрт таңбалы цифрмен.
- Қарыз беруші және қарыз алушы туралы толық мәлімет жазылады: фамилиясы, аты, әкесінің аты; төлқұжат және жеке куәлік нөмірлері, ЖСН; тіркелген мекен жайы және тұрғылықты мекен жайы;
- Қарыз көлемі теңге бойынша санмен және сөзбен толық жазылады;
- Қарыз беруші де, қарыз алушы да қолын қойып, толық аты-жөнін жазады.
Заңгердің пікірінше, қолхат нотариалды куәландырылса, сотта дәлел ретінде салмағы артпақ. Өкінішке қарай, көп адам мемлекеттік баж төлегісі келмей, қолхатты нотариалды куәландырудан бас тартып жатады. Салдарынан ақшасын қайтара алмай, түрлі келеңсіздікке тап болуы мүмкін. Сондықтан Н. Жаңабаев қарыз сұрап келген кісі қолхат жазудан, оны нотариалды куәландырудан не нотариусте қарыз алу туралы келісімшарт жасасудан қашқақтаса, бұл күмәнді жағдай екенін айтады.
- Ең дұрысы, ондай адамға қарыз бермеу, - дейді маман.
Қарызды қайтарудың жолдары
Заңгер мәселені ушықтырмай, алдымен өзара келісіммен шешуге тырысып көруді ұсынады. Мысалы, араға екеуіңізге де сыйлы адамды салып, сол арқылы мәмілеге келуге болады. Не болмаса, басқа да жолдарды қарастырған жөн.
– Қарызыңызды ала алмай жүрсеңіз, уәделі мерзім жөнінде сыпайы түрде борышкердің есіне салыңыз. Мүмкін, расында да, ұмытып кеткен шығар. Ал қандай да бір қиын жағдайға тап болған болса, шешім – ақшаны бөліп қайтару мүмкіндігін беру. Ал қарызды қайтару жөніндегі ауызша өтінішіңіз бен талабыңызды еш елемесе, онда келесі қадам – сотқа жүгіну, – дейді Н. Жаңабаев.
Оның сөзінше, қолхат не келісімшарт болмаса да, қарызды өндіріп алуға болады. Бірақ үдеріс күрделірек болмақ. Ондай жағдайда банк аударымдарының көшірмесі, әлеуметтік желі мессенджеріндегі жазбаша сөйлескен сөздеріңіз тәрізді қосымша дәлелдерді жинау қажет. Ал қолхат немесе келісімшарт болса, мұндай әуре-сарсаңға түспейсіз. Өйткені, аталған екі құжат ҚР Азаматтық кодексінің 715 және 722-ші баптарында заң аясындағы міндеттеме ретінде бекітілген.
Сотқа шағымдану мерзімі қандай?
ҚР Азаматтық кодексінің 178-бабына сай, қолыңызда қарыз алу туралы келісімшарт немесе қолхат болса, оның жарамдылық мерзімі - 3 жыл. Осы аралықта борышкерді сотқа бере аласыз. Ал Азаматтық кодекстің 180-бабына сәйкес, «Белгiленген орындау мерзiмiне байланысты мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi орындалу мерзiмi аяқталғаннан кейiн басталады». Мәселен, келісімшарт не қолхат бойынша борышкер қарызыңызды бір жыл ішінде қайтаруға міндеттелді делік. Онда құжаттың жарамдылығын есептеу – уәделі мерзім өткеннен кейін, яғни бір жылдан соң басталады.
Егер қарыз алу туралы келісімшарттың не қолхаттың 3 жыл жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, онда сот азаматтардың шағымын қабылдамауы мүмкін. Сондай-ақ сот құжаттың жарамдылық мерзімі өтуін кей жағдайларда тоқтатып қоюға құқылы. Мысалы, сотқа шағым түскен кезде немесе борышкер қарыз екенін мойындаған жағдайда, сот аталған қадамға бара алады.
– Қайталап айтайын, сотқа жүгіну үшін ең басты факторлардың бірі – қолхатты дұрыс толтыру. Мәселен, қолхатта бұл құжат уәделі мерзімі өткен қарызды сот арқылы өндіріп алуға құқық беретіні көрсетілуі керек, – деп түйіндеді Нұрлан Жаңабаев.
Айта кетейік, бұған дейін психолог қарызға кірудің психологиялық себептерін түсіндіргенін жазған едік.