Алатау 2 миллионға жуық тұрғыны бар қалаға айналады

АСТАНА. KAZINFORM – Алатау қаласы алдағы жылдары Сингапур мен Шэньчжэнь секілді халықаралық технологиялық орталыққа айналуы мүмкін. Бұл туралы Jibek Joly радиосында Alatau City Authority ұйымы бас атқарушы директорының орынбасары Баян Қоңырбаев хабарлады.

Фото: Видеодан алынған кадр

Жаңа форматтағы қала

Алатау Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктерден ерекше. Себебі бұл жоба белгілі бір саланы дамытуға ғана емес, өмір сүруге, жұмыс істеуге және жаңа технологияларды енгізуге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

— Негізгі мақсат — одан толыққанды жаңа қала қалыптастыру, — деді Баян Қоңырбаев.

Оның сөзінше, қала технология, білім беру және инновацияны тоғыстыратын біртұтас экожүйе ретінде дамиды. Алатауды басқару жүйесі де өзгеше болады. Қаланың дамуына жауапты ұйымды бас атқарушы директор басқарады, ал стратегиялық шешімдерді Президент бекітетін кеңес қадағалайды.

— Негізгі мақсат — ашықтықты қамтамасыз етіп, басқару тиімділігін арттыру, — деді ол.

Спикердің айтуынша, мұндай басқару моделі Дубай, Сингапур және Шэньчжэнь қалаларында тиімділігін дәлелдеген.

2050 жылға дейінгі жоспар

Қаланы дамыту 30 жылдық ұзақмерзімді жоспарға негізделеді. Сонымен қатар 15 жылдық даму стратегиясы мен қаланың инфрақұрылымын айқындайтын мастер-жоспар әзірленіп жатыр. Құжаттарды жыл соңына дейін бекіту жоспарланған.

Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Алатау халқы 78 мыңнан 1,8 миллион адамға дейін өседі. Технологиялық өндірістерде жаңа жұмыс орындары артады.

— Ғылым мен технологияға негізделген өндірістерді дамыту нәтижесінде 1 миллионға жуық жаңа жұмыс орны құрылады, — деді Баян Қоңырбаев.

Фото: Видеодан алынған кадр

Мастер-жоспарға сәйкес, қала төрт ауданға бөлінбек. Олар — қаржыға бағытталған Gate City, медицина, білім және технологиялар шоғырланатын Golden City, өндірістік Manufacturing аймағы және Green District жасыл ауданы.

— Қала аумағының 50 пайыздан астамы жасыл аймақ болады, — деді спикер.

Инвестиция мен жаңа мүмкіндіктер

Қазірдің өзінде жобаға Сингапур, Қытай, Корея Республикасы мен Таяу Шығыс елдерінен жалпы құны 2 триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жоба тартылған.

Спикердің пікірінше, инвестицияның тиімділігі қаржы көлемімен емес, инвесторлар әкелетін технология арқылы өлшенеді.

— Біздің жағдайда инвесторлар — smart money. Негізгі міндет — осы инвестициялық капитал ағынын тиімді ұйымдастыру, — деді ол.

Алатаудың тағы бір артықшылығы — оның орналасқан жері. Қала Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды транзиттік бағыттың бойында тұр. Сондықтан жоба Қазақстан мен Орталық Азия үшін ғана емес, Азия мен Батысты байланыстыратын цифрлық хаб ретінде тартымды.

Фото: Kazinform / Gov.kz / Freepik

Баян Қоңырбаевтың пікірінше, Алатау жаңа технологиялар мен цифрлық экономиканы дамытуға арналған тәжірибе алаңына айналуы тиіс.

— Біздің мақсат — қаланы нөлден бастап құрып, ел мүддесіне сай тиімді басқару жүйесін қалыптастыру. Кейін бұл тәжірибені басқа өңірлерге де таратуға болады, — деп түйіндеді ол.