Алатау қаласында бюджеттен жалақы алатын қызметкерлердің айлығына 25 пайыз үстемеақы қосылады

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысының әкімдігі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметшілерінің айлығына үстемақы төлеу туралы қаулы жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

Ынталандыру үстемеақысы облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 4 саланың ведомстволық бағынысты ұйымдарында жұмыс істейтін жұмыскерлерге тағайындалады. Олар:

1) әлеуметтік қамсыздандыру;

2) білім беру;

3) мәдениет;

4) спорт.

- Алматы облыстық мәслихатының 2024 жылғы 27 қарашадағы №29-154 шешімімен ынталандыру үстемеақылар лауазымдық жалақының 25% мөлшерінде белгіленді, - деп жазылған құжатта.

Қаулы жобасында құжат 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетіні айтылған.

Ал құжатты талқылау мерзімі 6 қаңтарға дейін деп белгіленген.

Еске салсақ, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Мәжілістің кезекті жалпы отырысынан кейін Алатау қаласы қандай қаражатқа салынатынын айтқан еді.