Алатау мектебінде қозғалысты және жабдықтардың жай-күйін бақылайтын жүйе сынақтан өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласындағы кең жолақты интернетке қолжетімділік деңгейі бағаланады. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жауабында айтылған.

Фото: Үкімет

Вице-премьердің сөзіне қарағанда, Алатаудың цифрлық моделі қала аумағындағы барлық елді мекенді қоса алғанда, бүкіл әкімшілік аумақты қамтиды. Қалалық цифрлық сервистер электрондық үкіметтің ұлттық инфрақұрылымымен интеграциялана отырып, тең қолжетімділік, бірыңғай кіру нүктесі, цифрлық инклюзия және кезең-кезеңімен енгізу қағидаттары негізінде дамытылады.

— Цифрлық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін антенна-діңгекті құрылыстар мен талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуды қоса алғанда, мобильді және тіркелген телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту көзделеді. Бұл ретте қаланың барлық елді мекенінде, оның ішінде бірінші кезекте әлеуметтік объектілерде байланыспен қамту және кең жолақты интернетке қолжетімділік деңгейіне бағалау жүргізілетін болады, — деді ол.

Оның атап өтуінше, құрылыс салу, инженерлік желілер, әлеуметтік объектілер мен абаттандыру туралы деректердің бірыңғай моделі ретінде қаланың цифрлық егізін қалыптастыру, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды жалпы басқару жүйесіне қосу үшін IoT және интероперабельділіктің (әртүрлі ақпараттық жүйелердің, бағдарламалар мен құрылғылардың өзара үйлесімді жұмыс істеп, бір-бірімен дерек алмасу мүмкіндігі) бірыңғай стандарттарын енгізу жоспарланған.

— «№ 20 орта мектеп» КММ-де Pixel Networks компаниясымен бірлесіп, микроклиматты, энергия тұтынуды, адамдардың болуын және жабдықтың жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз ететін датчиктердің көрсеткіштерін кешенді талдауға арналған пилоттық жоба техникалық тұрғыдан іске қосылды. Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша Pixel Networks технологияларын енгізуді кеңейту туралы шешім қабылданатын болады, — деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, Алатау қаласын дамытуға бағытталған үш стратегиялық құжат 2026 жылдың соңына дейін бекітілмек.