Алатау қаласын дамытатын стратегиялық құжаттар қашан қабылданады — Бозымбаев жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласын дамытуға бағытталған үш стратегиялық құжат 2026 жылдың соңына дейін бекітілмек. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жауабында айтылған.
Вице-премьердің айтуынша, «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның 28-бабында қаланың мынадай үш стратегиялық құжаты айқындалған:
— 30 жылға арналған ұзақ мерзімді даму жоспары;
— 15 жылға арналған мастер-жоспар;
— 15 жылға арналған даму стратегиясы.
— Мастер-жоспар мен Даму стратегиясы Ұзақ мерзімді даму жоспарының негізінде және оның аясында бірге әзірленеді. Барлық құжатты Алатау қаласының кеңесі бекітеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық үш құжат 2026 жылдың соңына дейін бекітілуге тиіс. Ұзақ мерзімді даму жоспарын бекіту ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланған. Стратегиялық бағдарлардың сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында Ұзақ мерзімді даму жоспарына 10 жылда бір реттен жиі емес, ал Мастер-жоспар мен Даму стратегиясына 5 жылда бір реттен жиі емес түзетулер енгізілуі мүмкін, — деді ол.
Қанат Бозымбаевтың атап өтуінше, стратегиялық құжаттарда көрсеткіштер жүйесі қалыптастырылады. Ол экономикалық және инвестициялық дамумен қатар қалалық ортаның сапа стандарттарын, инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін, цифрландыру мен экологиялық орнықтылықты, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасына әсер ететін өзге де параметрлерді қамтиды.
— Инфрақұрылымның ұзақ мерзімді дамуы Мастер-жоспардың құрамындағы Инфрақұрылымдық жоспарда бекітіледі. Аталған жоспар көлік, инженерлік, коммуналдық, әлеуметтік, цифрлық және өзге де инфрақұрылым объектілерінің тізбесін, орналасуын және даму кезектілігін айқындайды, — деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Алатау қаласы тұрғындарының басты проблемаларын атаған еді.