Алатаудағы қоқыс полигонындағы өртке байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Фото: ТЖМ

АЛАТАУ. KAZINFORM – Алатау қаласында қоқыс полигонындағы өрт салдарынан жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралуда. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Әкімдік «Жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» шешім жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатты қала әкімі аппараты дайындаған.

Төтенше жағдай «Азаматтық қорғау туралы» заңға және ТЖ-ның жіктелуіне сәйкес енгізіледі. Құжаттың түсіндірме жазбасында шешім қабылдау халықты дер кезінде хабардар етуге және қажетті шараларды ұйымдастыруға бағытталғаны көрсетілген.

Жоба 2025 жылғы 17 қыркүйекке дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауда болады.

Еске салайық, 15 қыркүйек күні Алматы маңындағы қоқыс полигонында өрт шыққаны хабарланған еді.

Өрт 35 гектар аумақтың шамамен 10 гектарын шарпыған. Полигон «ADC TAZA ALEM» ЖШС-не тиесілі. Өртті сөндіру барысында су Теренқара өзенінен алынып жатыр.

Қызметкерлердің айтуынша, өртті сөндіру қиындық туғызуда, себебі өрт ауқымы жоғары.

Оқиға Алматы – Өскемен автожолының 35-шақырымында, Алатау ауылы маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында болған.