Алаяқ намазхандар, діни мектеп, тоғызат, Құлыбаевтар қулығы – депутаттар бұл сессияда қандай уәжімен есте қалды

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – VIII сайланған Парламенттің депутаттары екінші сессияны аяқтап, каникулда жүр. Бұл сессияда заң шығарушы орган өкілдері халық жадында қандай уәждерімен қалғанына шолу жасап көрдік.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Ринат Зайытов – алаяқтар мен намазхандар статистикасы

«Мен сізге факт айтайын, Қазақстанда интернет арқылы жасалып жатқан, басқа да алаяқтықтардың 80 пайызын жасап жатқан қауым – намаз оқитындар. Өтірік десе, бетіме бассын. Тіпті, қарапайым базарға барыңыз, басқа жерге барыңыз, біреу сақалын сипап тұрады. «Алла» деп тұрып, адам алдап жатыр», - деген еді депутат «Адырна» сайтының You Tube арнасына берген сұхбатта.

Әрине, депутаттың бұл пайымы намаз оқып жүрген халықтың шамына қатты тиді. Бір топ жұрт «депутат айтқан сөзін ресми фактімен дәлелдесін» деп талап қойса, тағы бір топ айтылған ойдың тонын аударып, отқа май құя түсті. Кейін Р. Зайытов тағы бір You Tube арнаға берген сұхбатында атышулы мәлімдемесі бұрмаланып таратылғанына шағым айтты.

«Ресми статистика қайда деп жатқандар бар. Оны сұратуға болады. Тергеу орындарында мінездеме жасайды ғой. Солардан сұратып алсақ болады. Бұл – бар факті. Қаржылық пирамида сияқты алаяқтық жасап жүргендердің көбі – діннің атын жамылып жүргендер. Негізі мұны мен айтқанымда емес, неге солай тарағанында болып тұр. Шын мәнінде, бұл – бар дерек. Мен ақталмаймын, 80 пайыз дегенім – мен көрген 10 оқиғаның 8-і деген сөз, яғни сол онның сегізін жасаған алаяқтар – намазхандар», – деді депутат.

Бұл депутаттың Мәжіліс мінберінен тыс жерде, сұхбат кезінде айтқаны. Оның Мәжіліс залында айтқан атышулы мәлімдемелері де баршылық.

«Ең төменгі айлық 300 мың теңге болсын» деп мәселе көтеруінің өзі әлеуметтік желі пайдаланушыларына бірнеше күн «азық» болды. Мәжіліс депутаттары былтыр қыркүйек айында 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылаған болатын. Сол кезде Қаржы министрлігінің Қазақстандағы отбасылардың табысы мен шығыны туралы есеп-қисабына көңілі толмаған Ринат Зайытов «ең төменгі айлық кемінде 300 мың теңге болу керек» деп, ел құлағын елең еткізген талап қойды. Сол талабын депутат журналистерге былай түсіндірді.

«Оның нақты қанша болатынын министрлік (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – ред.) есептесін. Меніңше, ең төменгі айлық 300 мың теңге болу керек. Ұлттық компаниялардың басшылары, орынбасарлары жылына қанша сыйақы алатынын білесіз бе? Жүздеген миллиондап алады. Неге соны ретке келтірмейді? Сондықтан осылай айтуға мәжбүр болдық», - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кету керек, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төмен жалақы мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жигули Дайрабаев – 1500 ауылдың талқанын шығардық

Былтыр ұлдарының басындағы қылмыстық даумен әлек болған депутат Ж. Дайрабаев биыл ауылдардың ахуалына алаңдайтынын Мәжіліс мінберінен айтқан сөзімен дәлелдеп бақты.

Сәуір айында өткен Мәжілістегі Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрінің баяндамасында ауыл шаруашылығы туралы бірде-бір сөз жоқ екеніне шамырқанған.

«Министрге және басқа да үкімет мүшелеріне айтарым, егер Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде мойындамайтын болсаңыздар, онда Қазақстанның болашағы болмайды. «Зауыт саламын, машина жасаймын» деген әңгіменің бәрі – бос сөз. Жиырма миллион халық тамақ жейді. Сізден ауыл шаруашылығы туралы бір сөз естіген жоқпын, соған жаным ауырады. Мынау сұмдық қой. Ауылдарды тоздырып біттік. 6295-ақ ауыл қалды. 1500 ауылдың талқанын шығардық», - деген болатын Жигули Дайрабаев.

Совет заманында бірнеше жыл колхоз бастығы болған депутат ол кезеңде қазіргідей бассыздықтарға жол берілмейтінін айтып кіжінді.

«Мынау деген сұмдық қой! Бүкіл елге үкімет мынадай шешім қабылдады дейді, ал сіздер оны орындамайсыздар. Сіздер Мемлекет басшысын халықтың алдында жаман көрсетіп жатырсыздар. Шамаларыңыз келмесе, орындай алмаймыз деп айту керек», - деді Ж. Дайрабаев.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Бақытжан Базарбек – Шекарадағы Құлыбаевтар ізі

Кей депутаттар халықтың қабылдауына жеңіл, әлеуметтік желіде үрлеп әкетуге қолайлы тақырыптан аспай жатса, Бақытжан Базарбек басын тәуекелге салатын мәселелердің ортасында жүр деуге болады. Басқа-басқа, бірақ бұл мәжілісменді кезекші жауаппен алдай салу мүмкін емес екенін Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Мәжілістің мамыр айындағы жалпы отырысында бүкіл болмысымен сезініп қайтты. Әңгіме Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға жасаған сапары кезінде қол қойылған құжат туралы болып отыр. Сол сапар кезіндегі уағдаластық бойынша Қазақстан үкіметі мен Қырғыз елінің министрлер кабинеті «Қарасу» - «Ақ-тілек» автожол өткізу пунктерінің аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру туралы келісімді ратификациялауы керек еді. Заң жобасын талқылау кезінде Бақытжан Базарбек осы құжатты әзірлеушілердің қитұрқы әрекетін әшкерелеп тастады.

«Қайрат Қалмұқаметұлы, бұл мәселе комитетімізде шу шығарды. Менің сұрағымды жақсы білесіз. Бұл жобаның артында Тимур Құлыбаевтың «Кипрс» компаниясы тұр. Мұны мен комитеттің жиналысында айтқанмын. Бастапқы жоба бойынша 36 га жер «Жоин Техноложи» компаниясына рәсімделген, ал «Жоин Техноложи» құрылтайшысы – «Кипрс» ЖШС. Шу шыққан соң сіздер өзгерттіңіздер. Мен оған қуанып отырмын. Бірақ қазіргі алған құжат бойынша өзгерткен дүние былай болып тұр: Қазір 36 гектар жер «Қордай Даму» ЖШС атына рәсімделген. «Қордай Даму» ЖШС құрылтайшысы – «Трейдинг Холдинг» ЖШС. Оның құрылтайшысы – «Меркури Проперити» ЖШС. Оның құрылтайшысы – «Кипрс» ЖШС, ал «Кипрс» құрылтайшысы – Асқар Алтай Тимурович. Сіз басында «Басқаша болады. Өзгертеміз, басқа адамдар, инвесторлар келеді» деп айттыңыз. Бірақ бұрынғы инвестор сол қалпында қалған. Менің айтқаным бос әңгіме емес. Деректер eGov-тан алынды. Келісім бойынша Тимур Құлыбаев бұл жобаға ақша құйса, ертең жобаға басқа инвестор келуі мүмкін бе? Тимур Құлыбаевтан басқа инвестор бар ма?» - деді депутат.

Жауапқа көңілі толмаған депутат сұрағын нақтылай түсті.

«Сонда мен конкурс комиссиясының мүшесі ретінде ертең «Тимур Құлыбаевтың «Кипрс» компаниясы инвестор болмасын, басқа компания инвестор болсын» десем, конкурс комиссиясы сондай шешім шығара ма?» - деп сұрады.

Қайрат Төребаев министрлік конкурс комиссиясына ешқандай пәрмен бере алмайтынын меңзеп жауап берді.

«Комиссияда мәслихат және Мәжіліс депутаттары бар. Сіздің сөзіңіз жерде қалмайды. Инвесторды конкурстық комиссияның бүкіл мүшесі таңдайды деп топшылаймын», - деді ол.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Самат Мұсабаев – «Мас(с) медиа» деген қандай медиа?

Ал маңғыстаулық мәжілісмен Самат Мұсабаев «масс» және «мас» сөздерін ажырата алмай, көпшілікті таңқалдырды. Мәдениет және ақпарат министрі депутаттардың алдында Масс медиа туралы заңның бірнеше рет пысықталған жобасын таныстырып тұрған. Кезек депутаттардың сауалына келгенде С. Мұсабаев:

«Масс-медиа» деген сөздің мағынасы қандай? «Масс» деген сөздің... Мас адам дегенді білетін едік, масс-медиа дегенді бірінші рет естіп отырмын», - деген еді.

Бұл сұрақтың жауабын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жақсы берді. «Мас адам» деген тіркесте бір ғана «с» әрпі барын, ал «масс медиа» тіркесінде екі «с» барын айтып, әріптесінің сауатын ашты.

Айта кету керек, Самат Мұсабаев аталған заңға БАҚ-тағы қазақша контенттің үлесі кемінде 80 пайыз болу керек деген норма енгізбекші болған. Бірақ әріптесі Еділ Жаңбыршин екеуінің бұл ұсынысы ескерусіз қалып, «60/40» талабы енгізілді.

Фото: parlam.kz

Ерлан Саиров – «TikTok-тың да екі ұшы бар»

Атышулы мәлімдемесінің көбі «ескі Қазақстаннан» басталып, «реваншизмге жол жоқ» деген ұранмен аяқталатын депутат Ерлан Саиров TikTok-ты шектеуді ұсынып жүр.

Мәжіліс депутатының айтуынша, Үкімет TikTok платформасының жас ұрпақ тәрбиесіне тигізер кері әсерін болдырмау үшін мынандай шаралар қабылдау керек:

  • Заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қою;
  • Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаттау;
  • TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу.
Фото: ҚР Парламені Сенатының баспасөз қызметі

Жанна Асанова (сенатор) – Совет мультфильмдеріне сағыныш

Мәжілістегі әріптесі Ерлан Саиров қазақстандық жеткіншектерді TikTok-тың кері әсерінен қорғаштап жүрсе, Сенат депутаты Жанна Асанова өскелең ұрпақты совет идеологиясының басты құралы болған ескі мультфильмдер арқылы тәрбиелеуді ұсынады. Депутат совет мультфильмдерінің ішінде қазақстандық жеткіншектердің бойына жақсы қасиет дарытатын мазмұны бар, еңбекке баулитын туындылар жетерлік екенін айтады.

«Өзектілігін жоғалтпаған совет мультфильмдерін қайтадан мемлекеттік экранға шығару мәселесіндегі сіздің ұстанымыңыз қандай?» - деп сұрады сенатор «Масс-медиа туралы» заңды талқылау кезінде.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі бұл ұсынысқа қарсы еместігін білдірді.

«Совет мультфильмдері өзекті болған кездің шет жағасын біз де көрдік. Менің жеке көзқарасым бойынша, ол мультфильмдер шынымен де еңбек құндылығына, жақынға құрмет, Отанға деген махаббат құндылықтарына сәйкес келеді. Біз бұл бағытта жұмыс істейміз. Жалғыз атап өткім келетіні, біз ретрансляцияламаймыз, аудармасы болады. Архивтен алып, мемлекеттік тілге аударып көрсетеміз және әлеуметтік желідегі жұмысты күшейтуге қолданамыз. Өйткені, 3-18 жас аралығындағы өскелең ұрпақтың көп бөлігі әлеуметтік желіде отырады. Сондықтан аударма, дубляж мәселесін бақылауда ұстаймыз», - деді Қанат Ысқақов.

Дегенмен, вице-министр Сенат отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында бұл Жанна Асанованың жеке ұсынысы екенін, ол мәселе бойынша нақты шешім қабылданбағанын айтты.

«Бұл жерде ешқандай бастама, ұйым деген жоқ. Депутат жеке сұрақ қойды. Кейбір совет дәуірінде шыққан мультфильмдер адами, этикалық жағынан ешқандай қарама-қайшы келмейді. Сондықтан оларды аударуға мүмкіндік бар. Қажет болса аударамыз. Оған жалпы аса бір қаражат кетпейді. Өзіміздің бекітілген бюджет аясында жүзеге асырамыз. Совет мультфильмдерінің бәрін деп отырған жоқпын. Іріктейміз, оны бәріміз талқылаймыз», - деді Қанат Ысқақов.

Фото: parlam.kz

Гүлдара Нұрымова – «Тоғыз құмалақты «Тоғызат» деп өзгертейік»

Күзге салым Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді деп жоспарланған. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова осы ойындарда қазақтың «тоғыз құмалақ» сайысын басқа атаумен ұйымдастыруды ұсынды.

«Ғалымдардың, этнографтардың және зерттеушілердің пікірі бойынша, XIX ғасырда бұл ойынның жалпытүркілік атауы «Тоғызат» деп аталған. «Тоғызқұмалақтың» атауы әуелден «Тоғызат» екенін білдіретін ойын тақтасындағы қазақша, қырғызша, қарақалпақша, ноғайша атаулары да көрсетіледі. Бүгінде қазақ, қырғыз халықтары сақтап, дамытып келген көшпенділердің түркілік этномәдени ойыны спортқа ғана емес, адамзаттық құндылыққа айналып отыр. Алайда асыл спорттың одан әрі кең таралуына бөгет болып отырған кедергіні ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен тарихи «Тоғызат» атауын қалпына келтіру шараларын қолға алу қажет»,– деді депутат.

Г. Нұрымованың бұл ұсынысын әлеуметтік желі келемежбен қабылдады. Халық көктемгі тасқыннан әлі ес жимай жатқанда депутаттардың қисынсыз мәселеге бас қатырып жүргенін түсінбеген адам көп болды.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Елнұр Бейсенбаев – Лудоманияға қарсы заң, 90-жылдардың стиліндегі лобби

Әр сөзін өлшеп сөйлейтін депутаттың бірі Елнұр Бейсенбаев ойын бизнесі мен ұтыс нарығын реттейтін заң қабылданар шақта ерекше белсенділік танытты. Осы мәселеге арналған Мәжіліс отырыстарының бірінде ол ойын бизнесінен байып жатқан жандардың қарсы әрекетіне жиі тап келгенін қайталап айтты.

«Заң жобасын қабылдауға ақша мен әкімшілік ресурсы бар күшті лобби топтар қарсы болды. Олар тіпті 90-жылдардағы әдістерді қолдана отырып әрекет етті. Ол нәтиже бермеген соң ақпараттық шабуылға көшіп, ақты қара етіп көрсете бастады. Жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс орындарына талтаңдап кіріп, еш тайсалмай еркін жүрді. Нәтижесінде үкіметтің қорытындысы бойынша ұсынған нормаларымыз сол күйі қолдау таппады. Ал келтірген уәждері тіпті күлкілі. Сол лоббистер қазір Еуропаның орталығында «американо» ішіп, бізді сыртымыздан бақылап отыр», - деді Мәжіліс депутаты.

Бірақ депутат кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында да аталған «қорқынышты» топтың өкілдері кімдер екенін, атын атап, түсін түстеп айтқан жоқ. Ал заң жобасын Мәжіліс қабылдап, Сенат мақұлдады.

Фото: видеодан алынған кадр

Айгүл Құспан – «Бізге де діни мектеп қажет»

Оқу жылы басталған шақта «хиджаб мәселесі» өршіп шыға келетіні белгілі. Талғат Рысқұлбеков сияқты белсенділер діни киімге шектеу күшейе берсе, Қазақстаннан көшетіндерін айтып, мемлекетті бопсаламақ болды. Осы дауға Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан да араласқан. Нақтысын айтсақ, БАҚ өкілінің сұрағына берген жауабы дін дауын басудың орнына отқа май құйғандай әсер етті.

«Біздің мектептерді мемлекеттік және жекеменшік діни мектептер деуіміз мүмкін. Діни мектептерде мемлекеттік бағдарлама бойынша барлық пәндер, физика, математика оқытылады. Оған қосымша медреседе оқытылатын Құран немесе Библия, Тор болсын – діни пәндер берілетін болса және оларды үкімет жартылай қаржыландырса жақсы болар еді. Сол кезде кимешек киетін қыздар немесе дін оқығысы келетін балалар сондай мектептерге бара алушы еді», – деді ол.

Айтуынша, бұл – Еуропаның тәжірибесі.

«Еуропаның көптеген елінде осындай бар. Өйткені, мен сол елдерде дипломат, елші болдым. Мысалы, АҚШ-ты алайық. Ол жақтағы мемлекеттік мектептерде кимешек киюге болады. Мен Францияны неге келтірдім? Францияда мектепке балалар орамалмен бара алмайды. Соны біздің қазақтар керемет «әне, Францияны қарашы, неге өйтпейміз» дейді. Франция – католиктер елі. Ол жақта діни мектептер мөлшері 50 пайыз», – деді депутат.

Амантай Жарқынбек, Марат Бәшімов, Анас Баққожаев – Әйел кейде тілінен табады

Ақпан айында Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы таныстырылған еді. Сол кезде депутат Анас Баққожаев отбасындағы жанжалға тек ерлерді айыптауға болмайтынын айтты.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

«Еркектің ең сорлысы ғана әйелге қол көтереді. Дегенмен, ұрыстың бәрі бірден ұрудан шықпайды ғой. Ерлерді де түсінуіміз керек. Жанжал неден туындайды? Әрине, кей жағдайда әйелдің тілінің ұзын болуынан. Мені (осы сөзім үшін) әйел адамдар кешірсін. Бірақ ондай да фактілер бар. Қазақта «жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» немесе «ерге жаққан әйел елге де жағады» деген сөз бар. Біз қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатырмыз», - деді Анас Баққожаев.

Фото: Ж. Амантайдың жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желі қолданушылары оның бұл сұрағын сан-саққа жүгіртіп, біраз сынады. Ал Жарқынбек Амантай тұрмыстық жанжалды әйел бастаса, оны да 15 тәулікке қамау керек деген ұсыныс айтып, басы дауға қалды.

«Біздің заңда арандатушы деген ұғым бар. Провокация деген ұғым заңда бар. Осы тұрғыда әйел адамның да мойнына жауапкершілік қойылуы керек. Ер азаматты 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, кінәлі деп табылса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, отбасын шайқалтқан жауапкершілік те бірдей болуы керек. Сонда біз көп мәселені тізгіндей аламыз», - деген еді депутат.

Кейін ол атышулы мәлімдессін «бейнелеп айтқан оралым еді» деп ақталды.

Заңгер депутат Марат Бәшімов заң жобасын талқылау кезінде құжатта әйелдердің құқығын қорғауға басымдық көп берілгенін айтып сынады.

Фото: parlam.kz

«Әйелдердің өзі арандатуға барып, ерлерді қол көтеруге өздері итермелейді. Ер адамдар ғана емес, әйелдер де зорлық-зомбылықты жиі тудырады. Бізде зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалар тек әйелдердің құқығын қорғауға арналған», – деді ол.

Бұл мәлімдемелердің бәрі экс-министр Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некедегі әйелін ұрып өлтіру фактісі бойынша онлайн өтіп жатқан сот процесі кезінде айтылғанын ескеру керек. Осы іс бойынша сот үкімі шығып, Қ. Бишімбаев 24 жылға сотталды. Кейін әлгі үкім бойынша апелляциялық сот жүрді, бірақ үкім өзгеріссіз қалды.

Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң ел ішінде «Салтанат заңы» деген атау алды. Құжатқа Президент қол қойды.