Алаяқтар күштік құрылым басшыларының атын пайдаланып жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігінде азаматтарға алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Соңғы уақытта күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары кездесіп жатыр. 

Қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, өздерін лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс адам ретінде көрсетеді. 

— Әртүрлі сылтаумен шұғыл түрде қарызға ақша беруді сұрайды. Сақ болыңыздар! Ақша аударуды сұраған хабарламаларға, тіпті олар өзіңіз танитын адамның атынан келсе де, сенбеңіздер. Ешкімге SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және басқа да жеке мәліметтерді бермеңіздер. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер және белгісіз қосымшаларды орнатпаңыздар. Осындай хабарламалар алған жағдайда, ақпараттың рас-өтірігін міндетті түрде өзіңіз білетін телефон нөмірі немесе ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіздер, — деді ІІМ.

Бұдан бұрын Астана полициясы 19 млн теңгені алаяқтардың иемденуіне жол бермегенін жазғанбыз.