Алаяқтарға алданған ақтөбелік 17 млн теңге несие рәсімдеп, ақшасынан айырылып қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік төрт банктен 17 млн теңге несие алады. Кейін оны алаяқтардың есепшотына аударып жіберген.

Фото: polisia.kz

Ақтөбе облыстық полиция департаменті телефон арқылы қорқытып-үркітіп, несие рәсімдеткен күдіктіге қатысты істі тергеп жатыр. Әзірге қала тұрғынынан арыз қабылданды. 

- Өздерін Халық банкі және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Жеке деректерін өзге біреулер пайдаланып жатқанын айтып сендіреді. Кейін қауіпсіздік үшін ақшаны басқа есепшотқа аударуға көндіреді. Жәбірленушінің алданып жатқанын түсінбеуі үшін алаяқтар қорқытады, асықтырады. Сөйтіп төрт банктен 17 миллион теңге несие рәсімдеткен. Жәбірленуші өз атына алған несиелерін қылмыскерлердің шоттарына аударған,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбеде былтыр ескірткі сақтау, сату бойынша 279 іс тіркелді. Барлығы жарты тоннаға жуық зат тәркіленді.