Алаяқтық жолмен пайда тапқысы келген ақтөбелік депутаттар бас бостандығынан айырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Сот бес қабатты жатақхананы 8 млн теңгеге сатып алып, кейін оны Мұғалжар ауданы әкімдігіне сатпақ болған депутаттарды айыпты деп таныды. Алаяқтығы үшін сотталған Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы Бақытжан Қадралиннің мүлкі тәркіленді.

Фото: Алтынай Сағындықова

Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы Бақытжан Қадралин, аудандық мәслихат депутаты Азамат Жәлімбетов және Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Әнес Сейілханға «Алаяқтық», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру», «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» баптары бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, мәслихат төрағасы қызметін атқарған сотталушының 5 қабатты жатақхананы сатып алып, кейін оны әйеліне сыйға берген, артынша өз атына қайта жаздырған. Сөйтіп жатақханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысып, 672 млн теңгеден астам шығын келтірді. Сот үш сотталушыны да айыпты деп таныды.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Азамат Жәлімбетовті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпты деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Азамат Жәлімбетов Қылмыстық кодекстің 385-бабы 2-бөлігі бойынша ақталсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін,- деді судья С. Ізбағамбетова.

Ал Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы Бақытжан Қадралин Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру» баптары бойынша айыпты деп танылып, түпкілікті 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Мүлкі тәркіленеді. Оның ішінде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы үш жылжымайтын мүлік бар. Сонымен бірге екінші деңгейлі банк депозиттеріндегі 291 млн теңге, 21,6 млн теңге және 10,5 млн теңге мемлекет пайдасына өтеледі. Дүйсенованың атындағы депозитте сақталған 49,6 млн теңге де тәркіленді.

Фото: Алтынай Сағындықова

Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Әнес Сейілхан 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үш сотталушы да мемлекеттік қызметте, қаржылық ұйымдарды жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының азаматтық талап арызы толық қанағаттандырылды. Б.Қадралин, А.Жәлімбетов және Ә. Сейілхан бірлескен түрде 672 млн теңге материалдық шығынды толық өтеуі тиіс.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жарыссөзде прокурор екі депутатты 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды, сонымен бірге Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы болған сотталушының қылмыстық жолмен алған мүлкін тәркілеуді сұрады.