Алдағы жексенбіде Астанада 40 бағдар бойынша автобустар тоқтайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 қыркүйекте Астанадағы спорттық шараларға байланысты бірқатар көшелерде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Елжан Шүпеков мәлім етті.

«Марафон өтетін күні осы спортшылар жүгіретін бағдарда қозғалысты толықтай шектейміз. Осы бағдарларды БАҚ-тан, интернет-порталдардан көруге болады. Бұл бағдарларда көлденең қозғалыстарға да шектеу қоямыз. Өздеріңіз білесіздер, марафон әлемдік ауқымда өткелі жатыр, яғни Астана үшін маңызды шара болып табылады. Қосшыға қарай жол да марафонға байланысты жабылады. Біз сағат 07:30-дан 14:00-ге дейін жолдарды жабатын боламыз. Дегенмен де марафонға қатысушылар ертерек жүгіріп өткен көшелерде қозғалыс уақытынан бұрын ашылуы мүмкін»,-Е. Шүпеков.

Сонымен қатар ол 4 қыркүйекте Қазақстан мен Польша командалары арасында футбол матчының өткізілуіне байланысты Тұран даңғылының учаскелері бойынша, Қабанбай батыр даңғылының Керей және Жәнібек хандар көшесінен бастап Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс шектелетінін атап өтті.

Осы ретте қоғамдық көліктердің қозғалысына басымдық беріледі. Сондықтан да жанкүйерлерге автобуспен футболға келуі ұсынылып отыр. Арнайы бес отырғызу алаңдары ұйымдастырылады, яғни «Қазақстан» спорт кешені, «Хазірет Сұлтан» мен «Нұр Астана» мешіттері маңындағы автотұрақта, елордалық цирк маңындағы және Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион жанындағы автотұрақта алаңдар болады.

Белгілі болғандай, Астанада 4 қыркүйекте «Астана марафонын» өткізуге байланысты көлік қозғалысы шектелуіне орай, қалалық қоғамдық көлік бағдарларының қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді. Атап айтқанда, сол күні 14:00-ге дейін қаладағы қырық автобус бағдары тоқтатылады, ал 19 бағдарда қозғалыс сызбасы өзгереді.