АСТАНА. ҚазАқпарат – Галле (Германия) ATP 500 турнирінің чемпионы атанған Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемдік рейтингте рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А. Бублик қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 1 344 ұпаймен 48-ден бірден 27-орынға көтеріліп тұр.
Осылайша, алдағы дүйсенбіде жаңартылатын ATP рейтингісінде Александр Бублик ресми түрде әлемнің 27-ракеткасы атанады. Бұл қазақстандық теннисші үшін рекордтық нәтиже болмақ. Ол өткен жыл басында әлемдік рейтингте 30-орынға дейін жоғарылаған еді.
Сонымен қатар, А. Бублик Галледегі жеңісі арқасында 500 рейтингтік ұпайға ие болумен қатар 410 515 еуро табыс тапты. Бұл да оның ең қомақты табысы болып есептеледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің алғаш рет ірі жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).