Александр Бублик әлемдік рейтингіде ТОП-30-ға кірді

Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингіні жариялады.

Кеше Галле ATP 500 турнирінде чемпион атанған Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 45-тен бірден 30-орынға көтерілді.

Қазақстандық теннисші рейтингідегі үздік көрсеткішіне (17) өткен жылы 6 мамырда қол жеткізген еді.

Осы аптада А.Бублик Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 додасында бақ сынайды. Оның алғашқы қарсыласы – аргентиналық Франсиско Комесанья.

Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко рейтингіде 97-сатыда қалды.

Дмитрий Попко 181-ден 178-ге, Михаил Кукушкин 191-ден 190-ға, Тимофей Скатов 215-тен 212-ге жоғарыласа, Бейбіт Жұқаев 244-тен 251-ге төмендеді.

Бүгін осы төрт теннисші Уимблдон додасының іріктеу сатысында алғашқы кездесулерін өткізеді.

Өткен аптада Берлин жарысының ширек финалына дейін жетіп, рейтинг көшбасшысы, беларусьтік Арина Соболенкоға жол берген Қазақстанның әйелдер арасында бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA рейтингісінде 11-орнын сақтады.

Керісінше Юлия Путинцева 27-ден 34-ке сырғыды.

Зарина Дияс 275-тен 274-ке, Жібек Құламбаева 308-ден 306-ға ауысты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Испаниядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Галле турнирінің екі дүркін чемпионы атанды.

Анна Данилина қатарынан үш жарыстың финалында ұтылды.