АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирін жеңіспен бастады.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркеліп, екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін рейтингіде 108-орындағы аргентиналық Факундо Диас Акостамен өткізді.
Бірінші партияда Бублик 6:3 есебімен басымдылық танытты. Ол екінші сетте де шеберлігінің жоғары екендігін көрсете білді – 7:5.
Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде А.Бублик 8 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Аргентиналық спортшы 1 эйспен шектелді.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 61-ракеткасы, германиялық Даниэль Альтмайер немесе рейтингіде 81-сатыдағы словакиялық Алекс Молчанның қай жеңгенімен таласады.
Өткен жылы А.Бублик осы додада үздік шыққан болатын. Сондықтан чемпиондық атағы мен ұпайын қорғай алмаса, рейтингіде төмен сырғуы ықтимал.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Португалиядағы турнирде қарсыласын камбэкпен ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).