Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-ракеткасы Александр Бублик 2023 жылғы маусымдағы өнерін үздік деп бағалайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші биыл екі турнирде жеңіске жетті.
Алдымен маусым айында Галле (Германия) ATP 500 жарысында финалда ресейлік Андрей Рублевті ұтып, чемпион атанды. Содан кейін қазанда Антверпен (Бельгия) ATP 250 додасында соңғы бәсекеде франциялық Артур Фисті жеңді.
"Шынында да бұл мен үшін үздік маусым болды. Осыған дейін мұндай титулдарға ие болған жоқпын. Оның үстіне рейтингте бұлай көтерілмеп едім. Дегенмен жыл бойы қиындықтар болмай қалған жоқ. Өз ойынымды табу қиынға соқты. Тек Галле турнирінде ұзақ уақыт бойы жаттыққанымның жемісін көре алдым. Тұрақты өнер көрсеттім. Сөйтіп өз спорттық жолымдағы үздік нәтижеге қол жеткіздім", - деді Александр Бублик.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Түркиядағы турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).