АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің 1/8 финалына шықты.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 101-рейтингіде тұрған аустралиялық Макс Перселмен өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте Бублик сәтті ойнады - 7:6 (7:1). Екіншісінде де есесін жібермеді - 6:4. Бір сағат 26 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 14 эйспен бірге 3 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Перселл 5 эйс, 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады. Александр Бублик ширек финалға өту үшін әлемнің 44-ракеткасы, америкалық Кристофер Юбэнкспен таласады.
Өткен жылы осы додада жеңімпаз атанған А.Бубликке биылғы турнирді барынша табысты өткізу маңызды. Әйтпесе өткен жылы алған рейтингілік ұпайынан айырылып, ТОП-20-дан шығып қалады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Бирмингемде камбэк жасап, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).