Александр Бублик Германиядағы турнирдің финалына шыққаны туралы: Мен өте бақыттымын
Жартылай финалда германиялық Александр Зверевті ұтқан А.Бублик спорттық жолында ең ірі ATP турнирінің финалына өтті.
«Жұмыс әлі біткен жоқ, бір ғана финалдық матч қалды. Мен өте бақыттымын, дегенмен жинақы болуға тырысамын. Мен бұл кездесуде өз ойынымды көрсеттім, сондықтан жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Сашамен (Зверевпен) ойнау қашанда күрделі, сондықтан кейбір тұстарда сәттілік менің жағымда болды. Саша сияқты шебер ойыншылармен кездескен сәтте бәріне дайын болу керек», деді А.Бублик.
Қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен шеберлік байқасады. Ол рейтингте 23-орындағы испаниялық Роберто Баутиста-Агутты 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
А.Бублик бұған дейін 2022 жылы Монпелье ATP 250 додасында чемпион атанған болатын. Онда А.Зверевті 6:4, 6:3 есебімен жеңген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Ұлыбританиядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик Германиядағы жарыстың финалына шықты.