АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.
Қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде небәрі 102-орында тұрған америкалық Александр Ковачевичтен өте алмады.
Бір сағат 15 минутқа созылған матчта америкалық теннисші 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Ол 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Бублик 12 эйс жасағанымен, 8 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
А.Ковачевич финалға шығу үшін әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен таласады.
Осылайша, А.Бублик Монпельеде өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмады.
Оған қоса ATP Live рейтингісінде қазіргі кезде 49-орынға сырғып, ТОП-50-ден шығып қалуға жақын тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстан – Пәкістан матчының жеребесі тартылғанын жазған едік.
Сондай-ақ Анна Данилина Аустриядағы жарыстың финалынан тыс қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).