АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Базель (Швейцария) ATP 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 9-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен шеберлік байқасты.
Канадалық спортшы 1 сағат 12 минутқа созылған матчта 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Ф.Оже-Альяссим 10 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. А.Бубликтің есебінде 10 эйс қана бар.
Канадалық спортшы финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 15-ракеткасы, тағы бір испаниялық Пабло Карреньо-Бустаны жолдан тайдырды – 6:3, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Швейцариядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Швейцариядағы турнирдің жартылай финалына шықты.
Александр Недовесов пен Андрей Голубев осы Базельде 29 қазан күні хорватиялық Иван Додиг – америкалық Остин Крайчекпен жартылай финалдық матчын өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).