АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Женева ATP 250 турнирінде жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 74-орында тұрған америкалық Маркос Гиронмен кездесті.
Бірінші партияда А.Бублик ойсырай ұтылды – 0:6. Екінші сетте де қарымта қайыра алмады – 4:6.
Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матчта А.Бублик 6 эйс жасап қана үлгерді. Қарсыласы 2 эйске қоса 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
М.Гирон екінші айналымда отандасы, әлемнің 9-ракеткасы Тейлор Фритцпен ширек финалға шығу үшін таласады.
Жүлде қоры 630 705 еуроға бағаланған Женева жарысы 27 мамырда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның ресми түрде әлемнің төртінші ракеткасы болғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орны белгілі болды.
Юлия Путинцева Мароккода Рабат турнирін жеңіспен бастады.
Анна Данилина жұптық сында Рабат жарысының ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).