РИМ. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші жұптық сында Рим мастерс турнирінің ширек финалына өтті.
Қазақстандық спортшы америкалық Бен Шелтонмен бірге екінші айналымда бразилиялық Марсело Мело - германиялық Александр Зверевтен айласын асырды.
Бірінші партияда бразилиялық-германиялық жұп айқын басымдылық танытты - 6:2. Есесіне екіншісінде Бублик - Шелтон қарымта қайырды - 6:3. Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 10:7.
Бір сағат 21 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-америкалық дуэт 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Мело - Зверев 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик - Бен Шелтонның ширек финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Грузиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз. Ал, Юлия Путинцева Римде әлемнің бірінші ракеткасына жол берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).