АСТАНА. KAZINFORM – Александр Бублик жұптық сында италиялық Лоренцо Музеттимен бірге Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінде бастапқы кездесуін сәтті өткізді.
Қазақстандық-италиялық жұп сальвадорлық Марсело Аревало – хорватиялық Мате Павичті 7:5, 7:6 (10:8) есебімен тізе бүктірді. Бір сағат 37 минутқа созылған матчта екеуі 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
А.Бублик – Л.Музетти жартылай финалға шығу үшін нидерландылықтар Робин Хасе – Ботик Ван де Зандшульппен таласады.
Осылайша, Александр Бублик жекелей сында жарыс жолынан шығып қалғанымен, Лоренцо Музеттимен бірге доданы жалғастырады.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге Делрэй-Бич (АҚШ) ATP 250 жарысында бақ сынады. Олар алғашқы айналымда аустралиялық Эндрю Харрис – германиялық Доминик Кёпферге 6:7 (5:7), 6:7 (4:7) есебімен есе жіберіп, ширек финалға шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Роттердамда тәжірибелі теннисшіге жол бергенін жазған болатынбыз.
Елена Рыбакина Доха турнирінің ширек финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).