Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Недовесов Аделаиде (Аустралия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
А.Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге екінші айналымда жарыстың 7-ракеткалары, ұлыбританиялық Ллойд Глaсспул – нидерландылық Жан-Жюльен Ройермен кортта кездесті.
Қазақстандық-эквадорлық дуэт 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. 1 сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында олар 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ұлыбританиялық-нидерландылық жұп 2 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Недовесов – Гонсало Эскобар жартылай финалға шығу үшін германиялықтар Константин Францен – Хендрик Йебенспен кім мықтыны анықтайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жаңа жылдағы бірінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Аргентинадағы жарыстың екінші айналымына шықты. Бейбіт Жұқаев Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).