АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Недовесов Жирона (Испания) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобар бастапқы кездесуін швециялық Филип Бергеви – нидерландылық Мик Велдхеермен өткізді. Қазақстандық-эквадорлық жұп сағат жарымға созылған бәсекеде 6:3, 4:6, 10:3 есебімен жеңіске жетті. Олар 3 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
А.Недовесов – Г.Эскобар жартылай финалға шығу үшін германиялықтар Якоб Шнайттер – Марк Валлнермен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 184-ракеткасы Денис Евсеев жекелей сында іріктеу сайыстарынан сәтті өткенімен, негізгі жарыста рейтингіде 300-сатыдағы испаниялық Хавьер Косано Барранкодан ұтылып қалды – 0:6, 6:0, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майамиде Елена Рыбакинаның әлемнің 9-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).