Майами: Елена Рыбакина әлемнің 9-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты.

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі ширек финалда әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен сынға түсті. Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Рыбакина жеңген еді. 

Бұл жолы бірінші партияда Елена 4:2 есебімен алға шыққанымен, Мария ізінше брейк жасады. Дегенмен қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.

Екінші сетте керісінше Саккари алға кетті – 3:1. Дегенмен Рыбакина таразы басын теңестіре алды – 4:4. Содан кейін есеп 5:4 болып, қарсыласы доп бергенде, екі бірдей матчболды мүлт жіберді – 5:5. Тай-брейкте Саккари сәтті ойнады – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте Елена брейк жасай білді – 4:3. Ақыры өзі доп бергенде, бесінші матчболын пайдаланды – 6:4.

Екі сағат 48 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 10 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Саккари 4 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен таласады. Ол ширек финалда тағы бір қазақстандық Юлия Путинцевадан басым түсті. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами турнирінде Юлия Путинцеваның жартылай финалға шыға алмай қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар