АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Лос-Кабос (Мексика) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты. Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда осы жарыстың 1-ракеткалары, ұлыбританиялық Нил Скупски – мексикалық Сантьяго Гонсалесқа қарсы келді.
Бірінші партияда ұлыбританиялық-мексикалық жұп 6:3 есебімен басым түскенімен, А.Недовесов – Г.Эскобар камбэк жасай алды – 7:6 (7:2), 10:6.
Бір сағат 50 минутқа созылған тартысты матчта қазақстандық-эквадорлық дуэт 1 эйс, 2 брейкке (4 брейк-пойнт) қол жеткізді. Қарсыластары 4 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Александр Недовесов – Гонсало Эскобар финалға шығу үшін тағы бір мексикалық Мигель Анхель Рейес-Варела – аргентиналық Гвидо Андреоццимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).