Қазақстандық теннисші АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 325-ракеткасы Дмитрий Попко Наплес (АҚШ) ITF турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Д.Попко әуелі дүниежүзілік рейтингіде 730-орында тұрған америкалық Якоб Брумды 6:3, 7:5 есебімен жеңді.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 1160-сатыдағы тағы бір америкалық Трей Хильдебрандты 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
Дмитрий Попко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 495-ракеткасы, румыниялық Габи Адриан Бойтанмен таласады.
Қазақстандық спортшы Г.Бойтанды 17 ақпанда Палм-Коуст жарысында тізе бүктірген еді.
Бұған дейін Флорида штатында екі додада жеңімпаз атанған Д.Попко қатарынан осымен 12 матчта жеңіске жетіп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Доха турнирінің жартылай финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.