АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Лос-Кабос (Мексика) ATP 250 турнирінің финалына шықты.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жартылай финалда мексикалық Мигель Анхель Рейес-Варела – аргентиналық Гвидо Андреоццимен сынға түсті.
Бірінші партияда А.Недовесов – Г.Эскобар 2 брейк жасап, 6:2 есебімен басым түсті.
Есесіне екінші сетте мексикалық-аргентиналық дуэт 3:0 есебімен алға кетті. Дегенмен бұдан кейін Александр мен Гонсало қатарынан алты геймді өз есебіне жазды – 6:3.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында олар 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Рейес-Варела – Андреоцци 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Александр Недовесов – Гонсало Эскобардың финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Мексикада жарыстың 1-ракеткасын ұтып, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дмитрий Попко АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).