РИМ. KAZINFORM Қазақстанның екінші, әлемнің 60-ракеткасы Александр Шевченко Рим мастерс турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін әлемнің 36-ракеткасы, Мажарстан өкілі Фабиан Марожанмен өткізді.
Шевченко 6:3, 6:2 есебімен айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
Бір сағат 11 минутқа созылған бәсеке барысында Александр 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Александр Шевченко үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 18-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен шеберлік таластырады.
Жарысты екінші айналымнан бастайтын Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бубликтің де қарсыласы анықталды. Ол дүниежүзілік рейтингіде 53-орында тұрған португалиялық Нуну Боржешпен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың екі жылдан кейін алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).