АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 107-ракеткасы Александр Шевченко Стокгольм (Швеция) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші бұған дейін іріктеу сайысында қос бірдей қарсыласынан айласын асырып, негізгі жарысқа жолдама алған еді.
А.Шевченко негізгі доданың алғашқы айналымында әлемнің 61-ракеткасы, франциялық Адриан Маннариноның мысын басты.
Алғашқы сетте Александр 6:1 есебімен айқын басымдылық танытты. Ол екінші партияда да қарқынынан танған жоқ – 6:3.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Шевченко 6 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Маннарино 1 эйс жасап, 2 брейк-пойнтты пайдаланды.
Бұдан үш жыл бұрын Уимблдонда А.Маннарино 6:3, 6:3, 6:2 есебімен жеңген еді. А.Шевченко сонда кеткен есені қайтарды.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 18-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен таласады. Осыған дейінгі өзара үш кездесуде де К.Рууд ұтқан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Швециядағы турнирде негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).