Александр Шевченко Уимблдондағы алғашқы кездесуі туралы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Уимблдон турнирі басталар алдында өзінің физикалық жағдайы мен турнирдің басты фавориттерінің бірімен өтетін алдағы матч туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі.

Фото: ktf.kz

Әлемдік рейтингте 98-орында тұрған қазақстандық теннисші Александр Шевченко Уимблдонның алғашқы айналымында әлемнің төртінші ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен кездеседі. Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында ол турнирге қандай дайындықпен келгенін және матчтағы мүмкіндігін қалай бағалайтынын айтып берді.

Спортшы Уимблдонға дайындығы туралы сөз қозғап, денсаулығына байланысты шөп үстіндегі маусымға толыққанды әзірлене алмағанын жасырмады.

— Шынын айтсам, дайындалуға уақыт аса көп болмады. Себебі денсаулығым сыр беріп, тіземдегі ескі жарақат қайта қозды. Сондықтан қалыпты дайындық жүргізу өте қиын болды. Шөп төсенішінде тек дүйсенбі күні ғана жаттыға бастадым. Майоркадағы турнирде бір ғана матч өткіздім, оның өзіне ойынға бір күн қалғанда ғана бардым. Соңғы күндері жаман ойнап жүрген жоқпын, бабымдамын. Қарсылас өте мықты, сондықтан бәрін матч көрсетеді, — деді қазақстандық теннисші.

Шевченко денсаулық жағдайы туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Оның сөзінше, қазіргі таңда өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Алайда тізесіндегі жарақаты созылмалы.

— Қазір жағдайым біршама түзелді. Маған әр үш ай сайын тіземе екпе салдыруға тура келеді. Мәселе тіземдегі шеміршекте. Секіру қиын болғандықтан, кортта еркін қимылдау үшін үнемі екпе алып тұрамын, — деді спортшы.

Сондай-ақ Шевченко болашақ қарсыласының мықты тұстарына да тоқталды. Оның пікірінше, канадалық теннисшінің ең қауіпті қаруы — допты қуатты түрде беруі және оң қолмен жасайтын соққысы.

— Оның мықты тұсы – допты ойынға қосуы мен оң жақтан жасайтын соққысы. Егер оның бұл соққылары ерекше жақсы шықса, оған қарсы ойнау өте қиын. Ал екі қолмен жасайтын бэкхенд соққысы оның әлсіздеу қыры, — деді теннисші.

Алдағы ойынға арналған тактикасы жайлы айтқан Шевченко матч барысында түрлі амалдарды қолдануға ниетті екенін жеткізді.

— Мен оң және сол жақпен де жақсы ойнаймын. Мүмкін, қарсыластың оң жақ соққысындай қуатты ойнай алмайтын шығармын, бірақ менің әлсіз тұсым айқын емес. Оны сол жақтан жасалатын соққылар арқылы қыспаққа алуға тырысамыз. Допты қабылдау кезінде түрлі комбинациялар дайындаймыз, қажет жерде торға шығамыз, кейде қысқа соққылар қолданамыз. Жалпы, оны жеңуге болады, — деді ол.

Теннисші сондай-ақ қарсыласының жоғары рейтингі психологиялық қысым тудыра ма деген сауалға да жауап берді. Оның айтуынша, бұл кездесуде жауапкершілік көбірек канадалық спортшыға жүктеледі.

— Оның жауапкершілігі жоғарырақ. Өйткені ол – әлемнің төртінші ракеткасы. Сондықтан қысым да көбірек соған түседі. Ал мен болсам, өзімді біршама еркін сезінемін, — деді Александр Шевченко.

Айта кетейік, Феликс Оже-Альяссим – әлемдегі ең мықты теннисшілердің бірі. Алайда ол әзірге «Үлкен дулыға» турнирлерінің ешқайсысында чемпион атана алған жоқ. Соған қарамастан, канадалық спортшы ерлер арасындағы жекелей сында «Үлкен дулыға» титулын жеңіп алған алғашқы канадалық атануға басты үміткерлердің бірі.

Бұған дейін қазақстандық теннисші Анна Данилина Уимблдон турниріне дайындығы туралы айтты.