Асылжан Есенгелді Албания астанасы Тирана қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі жастар арасында еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Дүбірлі додада 61 келі салмақта сынға түскен қазақстандық балуан финалда ресейлік Башир Магомедовке 0:4 есебімен есе жіберді.
Ол финалға дейін жапониялық Каито Моританы, үндістандық Акаш Дахияны, қырғыз балуаны Тайырбек Жумашбек уулуды қапы қалдырды.
Еліміздің атынан еркін күрестен құрама сапында Ерасыл Мұхтарұлы (57 келі), Асылжан Есенгелді (61 келі), Адлан Асқаров (65 келі), Родион Анчугин (70 келі), Ербарыс Сатыбалды (74 келі), Шамсат Таир (79 келі), Нұрдәулет Қуанышбай (86 келі), Нұрдәулет Бекенов (92 келі), Юнус Гафуров (97 келі) және Омархан Надиров (125 келі) бар.
Әлем чемпионатында еркін күрес шеберлерінен бөлек, әйелдер күресі және грек-рим күресінен жүлделер сарапқа салынады.
Әлем чемпионаты 29 қазанда мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.