АСТАНА. ҚазАқпарат - Катарда өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында ел құрамасынан 10 мамырда сынға түсетін спортшылардың қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күні ерлер құрамасынан Абылайхан Жұбаназар (81 келі) мен әйелдерде Эсмигүл Құюлова (63 келі) татами төрінде тайталасқа түседі.
Қазақстандық Абылайхан Жұбаназар алғашқы белдесуінде португалиялық Жуан Фернандумен шеберлік байқасса, Эсмигүл Құюлованың екінші іріктеу сатысындағы қарсыласы - Камила Бадурова.
Белдесулер «Qazsport» телеарнасынан елорда уақытымен 13.30, 20.00-де тікелей эфирде көрсетіледі.
Ел құрамасынан 9 мамырда ерлер арасында 73 келі салмақта Жансай Смағұлов, Данияр Шамшаев, әйелдерде Бақыт Құсақбаева алғашқы іріктеу сатыларында жеңіліп қалды.
Ал одан бұрын Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Толғанай Әбеуова (52 келі), Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев (60 келі), Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева (48 келі) жарысты ерте аяқтады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.