Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов: Алдағы мақсат - Олимпиада биігін бағындыру
АСТАНА. KAZINFORM - Кеше қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов Албания астанасы Тиранада 70 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған болатын. Kazinform тілшісі спортшыдан алдағы арман-мақсаты жөнінде сұрап көрді.
- Алдағы мақсатым - әлем және Олимпиада чемпионы атану. Мұның, әрине, оңайға түспейтінін білемін.
- Олимпиадаға қатысу үшін тағы да салмақ ауыстырып, бақ сынайсың ба?
- Оны бапкерлеріммен ақылдасып көремін. Әзірге ойға келгені осы ғана. Жолда кетіп бара жатыр едік. Елге оралғаннан кейін бір тоқтамға келерміз.
- Чемпиондық атағың құтты болсын! Алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрқожа Қайпановтың еркін күрестен әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз. Бұған дейін 2019 жылы Астанада өткен әлем біріншілігінде күміс алған 70 келіге дейінгі салмақтағы қазақстандық балуан финалда жапониялық Йошиносуке Аоягимен сынға түсіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Н.Қайпанов Ризабек Айтмұқанның өткен жылғы жетістігін қайталады.