Әлем елдері мұнай қорынан 325 млн баррельді нарыққа шығарды – ХЭА

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық энергетика агенттігіне (ХЭА) мүше елдер стратегиялық қорларынан шамамен 325 млн баррель мұнай мен мұнай өнімдерін нарыққа шығарды, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Анадолы

Бұл наурыз айында мемлекеттер нарыққа шығаруға міндеттенген 400 млн баррельдің 80 пайыздан астамын құрайды. Шешімді ХЭА-ға мүше 32 мемлекет агенттік елдері үкіметтерінің кезектен тыс отырысында бірауыздан қабылдаған. Жиын әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды бағалау және жеткізілімдердің қысқаруына байланысты шараларды талқылау үшін шақырылды.

Осылайша бастапқы көлемнің шамамен 75 млн баррелі ғана қалды. Алайда бұл қорлардың «Үлкен жетілік» елдерінің мұнай мен мұнай өнімдерінің 100 млн баррелін нарыққа шығару туралы жаңа шешімімен байланысты-қатысты екені әзірге белгісіз.

Бір күн бұрын G7 елдері ХЭА-мен үйлестіре отырып, нарыққа шұғыл түрде 100 млн баррель шикі мұнай мен дизель отынын шығаруға келісті. Жеткізілім төрт айға есептелген. Оның едәуір бөлігі дизель отыны бойынша алғашқы 20 күнде нарыққа шығарылады деп жоспарланып отыр.

G7 мәлімдемесінде жаңа көлемге ХЭА-ның наурыздағы міндеттемесі бойынша қалған 75 млн баррель кіре ме, әлде бұл қосымша қор ма, нақтыланбаған.

Әлемдік отын нарығына жеткізілімдердің үзілуіне байланысты айтарлықтай қысым түсіп отыр. Жағдайды Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасына қойылған шектеулер мен мұнай өңдеу көлемінің қысқаруы қиындата түсті.

G7 елдері мұнай өңдеу зауыттарына техникалық қызмет көрсету кестелерін үйлестіруге және мүмкіндік болса, олардың өндірістік қуатын арттыруға да келісті. Мұнай өңдеу қуаты жоғары мемлекеттерге мұнай өнімдерін, ең алдымен дизель отынын өндіру көлемін ұлғайту ұсынылды.

Айта кетейік, бұған дейін мұнай бағасы апта қорытындысында барреліне $102-ден жоғары деңгейде қалыптасқанын жаздық.

Ал кееш G7 елдері мұнай қорынан 100 млн баррельді нарыққа шығаратынын мәлімдеген еді.