Әлем елдерінде өзіндік ұлттық сипаты жоқ ғимараттар көбейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір әлемде өзіндік ұлттық немесе мәдени сипаты жоқ ғимараттар көбейді. Бұл туралы Астана қаласы урбанистика орталығының аға урбанисі Нұрқожа Бауыржанұлы мәлім етті.

Фото: видеодан алынған скрин

BIZDIÑ ORTA подкастында маманға Астанадағы нысандардың архитектурасында ұлттық нақыш қаншалықты ескеріліп жатқаны жөнінде сұрақ қойылды.

- Енді бұны Батыс елдерінің стилі деп айтуға келмейді, себебі қазір сол жақта да тура осы мәселе көтеріліп отыр. Әрине, бұл салада сәулетшілер дабыл қағып жатады. Бұрын Қытайға барсаң бір стиль, араб елдерінде өзгеше бір стиль, ал Еуропада басқаша болатын. Қазір «бет-әлпетсіз сәулет» деген термин бар, яғни ғимаратқа қарап, ол қай мемлекеттің ұлттық нақышында екенін айта алмайсың. Сондықтан бұл нысандарды Батыс елдерінің мәдениетіне де ұқсатуға келмейді. Ол - құр дизайн немесе геометрия сипатында, - деді Нұрқожа Бауыржанұлы.

Оның айтуынша, қаланың кейбір аудандарында еуропалық стильде, яғни француз немесе италиялық стильде салынған ғимараттар бар.

- Кейбір адамдар сондай үйде тұрғысы келсе, біз не істей аламыз? Ондай адамдар бар. Мысалы шетелге көшкісі келмейді, Астанада тұрғанды қалайды, бірақ оған Франция стиліндегі ғимараттар ұнайды. Олар сондай жерде тұрғысы келеді, олардың сұранысы орындалуы керек. Себебі сұраныс бар жерде, ұсыныс та бар дегендей. Атап айтқанда, негізгі көшелерде Қазақстанда жүргеніңді сездіретін кіші архитектуралық формалар бар. Олардық қатарында мүсіндер немесе басқа да бір интерактивті заттар болуы мүмкін, - деді маман.

Бұған дейін ақтаулық тұрғын үйінің кіреберісін қазақы нақышта әсемдеп, көпке үлгі көрсеткенін жазған едік.