Мұндай міндеттемелер БҰҰ Бас Ассамблеясының пандемиялардың алдын алу, оған дайындық және ден қою мәселелері жөніндегі екінші жоғары деңгейдегі отырысында айтылды. Кездесуде 2023 жылы өткен алғашқы жиыннан бергі нәтижелер қаралды.
Елдер соңғы үш жылда пандемия қаупін анықтау, оған дайындалу және ден қоюдың жаһандық жүйесін нығайту бағытында ілгерілеу болғанын атап өтті. Осы кезеңде ДДҰ-ның Пандемия жөніндегі келісімі қабылданып, 2005 жылғы Халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар эпидемиялар мен пандемияларды бақылау, қоздырғыштармен алмасу, вакциналар, дәрі-дәрмек пен диагностикалық құралдарды жергілікті жерде өндіру бағытындағы мүмкіндіктер кеңейтілді.
ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қол жеткізілген нәтижелерді сақтап, болашақтағы денсаулыққа төнетін қауіптерге дайындықты күшейту үшін тұрақты іс-қимыл мен инвестиция қажет екенін айтты.
Оның мәліметінше, COVID-19 пандемиясы 2020–2023 жылдары әлемде 20 миллионнан астам артық өлімге себеп болып, жаһандық экономикаға 10 триллион доллардан астам шығын келтірген.
Сондай-ақ мемлекеттер Пандемия жөніндегі келісімге патогендерге қол жеткізу және одан түсетін пайданы әділ бөлу жүйесін (PABS) енгізетін қосымша хаттама бойынша келіссөздерді аяқтау қажеттігін атап өтті.
Ұсынылып отырған жүйе пандемиялық әлеуеті бар қоздырғыштармен жедел алмасуға, сондай-ақ соның нәтижесінде әзірленген вакциналар, дәрі-дәрмек, диагностикалық және басқа да медициналық өнімдерді әділ бөлуге мүмкіндік бермек.
Қосымша хаттаманы 2027 жылғы мамырда өтетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында қабылдау жоспарланып отыр.
Жиында болашақ пандемиялардың алдын алу мен оларға ден қоюда халықаралық ынтымақтастықтың, төзімді денсаулық сақтау жүйелерінің және адам, жануарлар мен қоршаған орта денсаулығын өзара байланыстыратын «Біртұтас денсаулық» тәсілінің маңызы да атап өтілді.
Айта кетейік, БҰҰ Израиль қоныстарымен байланысты компаниялар тізімін жаңартты.
Сондай-ақ Ердоған БҰҰ мінберінен әлем елдерін Палестинаны мойындауға шақырғанын жаздық.