Әлем кубогы: Сағындық Тоғамбай жартылай финалға шықты

Фото: Olympic kz

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық Сағындық Тоғамбай (90 келі) Астанадағы бокстан Әлем кубогында жартылай финалға жолдама алды.

Отандасымыз 1/4 финалда АҚШ-тан келген Малакай Джорджеспен қолғап түйістірді.

Тартысқа толы жекпе-жектің бірінші бөлімінде АҚШ өкілі басым түсті. Алайда, қалған екі раундта Сағындық Тоғамбай қарсыласынан айласын асырып, жеңіске жетті.

Осылайша, Сағындық жартылай финал жолдамасына ие болды.

2 шілдеде Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Ал Гүлсая Ержан (80 келі) алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды.

Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Бұл олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр.

Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.