Әлемді таңғалдырған қазақы тазы: Челсидің иесі Италиядағы жеңіс туралы айтып берді

АСТАНА. KAZINFORM — Жас қазақы тазы Челси Италияда өткен әлем чемпионатында үздік иттердің төрттігіне енді. Чемпионның иесі, 56 жастағы Мұрат Жанпейісов Kazinform тілшісіне әлемдік байқауға дайындық, Челсидің мінезі және бұл жеңістің Қазақстан үшін маңызы туралы айтып берді.

Фото: Мұрат Жанпейісовтың жеке мұрағатынан

Мұрат Жанпейісов үшін тазы баптау – әкеден балаға жалғасқан дәстүр.

— Мен Семейденмін, 1980-жылдардан бастап ит асырап келемін. Әкем де бұрын тазы ұстаған, итке деген қызығушылығым содан басталды. Кейін 2000 жылы Алматыға көшіп, жеке үйге қоныстанған соң қайтадан тазы өсіре бастадым. Алғашында аңшылық үшін, хобби ретінде ұстадым. Қазір үйімде төрт ит бар, барлығы да тазы. Бұрын төбет те ұстадым, бірақ қазір тек тазы өсіремін. Ең алғашқы итімді ауылдан әкелген едім, — дейді ол.

Фото: Мұрат Жанпейісовтың жеке мұрағатынан

Қазір Челсиге бір жыл бір ай болған. Иесінің айтуынша, жас чемпион өте жуас әрі сабырлы.

— Челси өте мейірімді, оны бәрі жақсы көреді. Мінезі байсалды, сонымен қатар тамаша аңшы. Аңшылықты өзі де ерекше ұнатады. Анасы да аңға түскенде ештеңеден тайсалмайтын. Челсидің түсі де ерекше әдемі, сүт түстес, — дейді Мұрат Жанпейісов.

Иесінің көрмелерге кәсіби түрде қатысуы 2020 жылы «Қансонар» бірлестігіне мүше болғаннан кейін басталған.

— Біздің клубта тазыға тексеріс жүргізіледі, көрмелер ұйымдастырылады, міндетті түрде талдаулар алынып, тұқымның қан тазалығы тексеріледі, — дейді ол.

Фото: Мұрат Жанпейісовтың жеке мұрағатынан

Италияға барар алдында Челси Алматы мен Астанада өткен көрмелерге қатысқан. Иесі оны мұндай шараларға алты айлығынан бастап шығара бастаған.

Әлем чемпионаты қарсаңында тазы бір айға жуық арнайы бапкердің жетекшілігімен дайындықтан өтті. Жас итке төзімділік пен ұстамдылық үйретіліп, өзге жануарларға сабырмен қарау, бейтаныс тұқымдармен жанжалға түспеу дағдылары қалыптастырылды. Сондай-ақ дұрыс жүру мәнері, қозғалысы және рингтегі өзін ұстауы пысықталды.

Иесінің айтуынша, арнайы диета қажет болмаған. Челси кәдімгі жеммен қоректенген. Сонымен бірге көрмеде сарапшылар оның бойын, салмағын және тұқым стандартына сәйкестігін бағалаған.

Фото: Мұрат Жанпейісовтың жеке мұрағатынан

Италиядағы әлем чемпионатына Қазақстаннан барлығы 15 тазы барған.

— Қазақы тазы әлемде бұрыннан мойындалған тұқымдармен бақ сынап, төртінші орын алды. Қарсыластарымыздың деңгейі өте жоғары, олардың үкіметтері өз тұқымдарын дамытуға көптен бері көңіл бөліп келеді. Ал біздің қазақы тазы халықаралық деңгейде әлі толық патенттелген жоқ. Қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бізге он жыл мерзім берілді. Осы уақыт ішінде тұқымымызды бүкіл әлемге танытуымыз керек, — деді Мұрат Жанпейісов.

Фото: Мұрат Жанпейісовтың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, Челсидің жетістігі жеке жеңіс емес, бүкіл қазақ халқының ортақ қуанышы.

— Бұл тек менің итім емес, бұл бүкіл қазақ халқының иті. Оны тек өзімдікі деп айта алмаймын. Мен оны бүкіл қазақ халқының тазысы деп дайындадым. Осы жеңіске қатты қуаныштымын. Бұл — Қазақ елінің қуанышы. Алда тағы да жарыстар болса, міндетті түрде қатысамыз, — деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, 2–7 маусым аралығында Италияның Болонья қаласында әлемдегі ең беделді кинологиялық форумдардың бірі — World Dog Show 2026 көрмесі өтті. Оған 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерациядан (FCI) алдын ала мойындау алған ұлттық тұқым — қазақы тазы қатысты. Атап айтқанда, Челси әлем бойынша жас тазылар арасында төртінші орын алып, қазақы тазы тұқымы өкілдері арасындағы үздік жас төбет атанды.