Carbon Brief талдау орталығының 1850 жылдан бергі кезеңді қамтитын зерттеуіне сәйкес, Ресей экспорттаған мұнай, газ және көмірдің жағылуынан 70 гигатоннадан астам CO₂ бөлініп шыққан. Сауд Арабиясы шамамен 60 гигатоннамен екінші орында, үлкен үштікті түйіндеген Аустралияның үлесі 25 гигатоннадан асады.
Зерттеуде тек ішкі отынды пайдаланудан шығатын шығарындылар ғана емес, сонымен қатар олар экспорттайтын ресурстарды жағудың салдары да ескерілді. Бұл тәсіл қазба отындарды өндіретін және экспорттайтын елдердің жаһандық климаттың өзгеруіне қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу авторлары биыл Түркияда өтіп жатқан БҰҰ COP31 климат конференциясына төрағалық етіп отырған Аустралияға ерекше назар аударды. Халықаралық климаттың өзгеруі бойынша келіссөздерге қатысқанына қарамастан, Канберра көмір және газ салаларын дамытуды жалғастырып келеді. Climate Analytics мәліметтері бойынша, кейбір мақұлданған көмір шахталары 2088 жылға дейін жұмыс істеуі мүмкін.
— Аустралия өткен аптада Түркияда премьер-министрінің айтқан мәлімдемелеріне қарамастан, климаттың өзгеруіне қарсы күресте өз үлесін қоспай келе жатқаны айдан анық, — дейді Climate Analytics компаниясының бас директоры Билл Хейр.
Зерттеудің нәтижелеріне түсініктеме бере отырып, Сауд Арабиясының билігі мұнайдың қалай пайдаланылатынын тұтынушы елдер айқындайтындықтан, экспортталатын мұнайды жағудан шығатын шығарындылар үшін жауапкершілікті олар да арқалауы керек деп мәлімдеді.
— Сауд Арабиясы әлем елдеріне энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мұнай экспорттайды. Бұл елдер мұнайды қалай пайдалану керектігін, қандай технологияларды қолдану керектігін және нәтижесінде пайда болатын шығарындыларды қалай басқару керектігін өздері шешеді. Сондықтан, отын тұтынушыларының рөлін шетке ысырып қойып, бұл шығарындылар үшін экспорттаушы елді ғана кінәлау дұрыс болмас еді, — деді Сауд Арабиясы энергетика министрлігінің өкілі.
Сонымен қатар зерттеуде АҚШ пен Қытай қазіргі уақытта атмосфераға жылыжай газдарын шығаратын ең үлкен елдер екендігі, сондықтан олар климаттың өзгеруіне Ресей, Сауд Арабиясы және Аустралиядан гөрі көбірек жауапты екендігі айтылған. Себебі олар тек көп мөлшерде қазба отындарды импорттау мен қатар өз ресурстарын да пайдаланып келеді.
Еске сала кетейік, Түркия БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясын алғаш рет өткізіп отыр.
Климаттың өзгеруінен бүгінде әлемдегі 1,5 млрд әйел мен қыз жапа шегеді.
Қазақстан COP31 конференциясында климаттық инвестициялар платформасын таныстырды.