Климаттың өзгеруі әлемдегі 1,5 млрд әйел мен қызға қауіп төндіріп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі әйелдер мен қыздардың үштен бірінен астамы, яғни 1,5 миллиард адам климаттық қауіп-қатерге бейім аймақтарда тұрады. Бұл өңірлерде экономикалық тұрақсыздық пен гендерлік теңсіздік те байқалады, деп жазады БҰҰ жаңалықтар қызметі.

Климаттың өзгеруі әлемдегі 1,5 млрд әйел мен қызға қауіп төндіріп отыр
Фото: CIFOR/A. Фассио

«БҰҰ-Әйелдер» құрылымының мәліметінше, климаттың өзгеруі әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті күшейтіп отыр. Қазіргі үрдіс сақталса, жаһандық жылыну деңгейі кемінде 1,8 градусқа жетуі мүмкін. Мұның салдарынан құрғақшылық, су тасқыны, орман өрттері мен циклондар бұрынғыдан да жойқын сипат алады.

Сарапшылар ең нашар сценарий бойынша 2050 жылға қарай тағы 141 миллионға дейін әйел мен қыздың аса кедейлік жағдайына тап болуы мүмкін екенін ескертеді.

24 елді қамтыған зерттеуге сәйкес, орташа температура бір градусқа көтерілгенде әйелдердің табысы ерлерге қарағанда 34 пайызға көп қысқарады. Бұған, соның ішінде, өнім шықпай қалған жағдайда жұмыс орнын ауыстыру немесе басқа жерге қоныс аудару мүмкіндігінің шектеулі болуы әсер етеді.

Климаттың өзгеруі әйелдердің ақы төленбейтін үй шаруасына түсетін жүктемесін де арттырады. Атап айтқанда, су тапшылығының күшеюіне байланысты оны тасуға жұмсалатын уақыт 2050 жылға қарай 30 пайызға ұлғаюы мүмкін.

Бұдан бөлек, климаттың өзгеруі гендерлік зорлық-зомбылық қаупін арттырады. 14 елде жүргізілген зерттеу деректеріне сәйкес, ұзаққа созылған қатты құрғақшылық жасөспірім қыздар мен жас әйелдерге қатысты жыныстық зорлық-зомбылық қаупін 21 пайызға арттырады.

БҰҰ өкілдері климаттық жағдайдың нашарлауы ерте некеге тұру көрсеткішінің өсуіне де әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Өйткені экономикалық қиындыққа тап болған отбасылар кәмелетке толмаған қыздарын тұрмысқа беруге мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі.

Сонымен қатар климат мәселелері бойынша шешім қабылдау үдерісінде әйелдердің үлесі әлі де аз. Әлемдегі энергетика саласына жауапты министрлік лауазымдардың небәрі 12 пайызын әйелдер басқарады.

Ұйымның мәліметінше, ұлттық климаттық жоспарлардың 73 пайызында әйелдер мен қыздар тап болатын қауіп-қатерлер ескерілген. Алайда елдердің үштен бірінен сәл астамы ғана бұл мәселелерді шешуге бағытталған кешенді шараларды қарастырған.

Сарапшылардың айтуынша, қажетті инвестиция салынса, әйелдер экологиялық бағыттағы салаларда ашылатын жаңа жұмыс орындарының 66 пайызына дейін иелене алады. Бұл 2035 жылға қарай әйелдерге арналған қосымша 68 миллион жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«БҰҰ-Әйелдер» құрылымы әлемдік көшбасшыларды Антальяда өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) аясында гендерлік теңдік мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды.

Айта кетейік, БҰҰ қарт адамдардың құқықтарын қорғау тәсілдерін қайта қарауға шақырды.