Әлемде қақтығыс аймақтарындағы су нысандарына шабуыл жиілеп кетті – ЮНИСЕФ

АСТАНА. KAZINFORM — 2021–2025 жылдар аралығында әлемдегі қақтығыс аймақтарында сумен жабдықтау және санитария жүйелеріне жасалған шабуыл саны үш есе артқан. Соның салдарынан балалар арасында жұқпалы аурулардың таралу, ашығу және зорлық-зомбылыққа тап болу қаупі күшейді. Мұндай қорытынды ЮНИСЕФ-тің бейсенбі күні жарияланған «Оқ астындағы су» (Water Under Fire) атты баяндамасында айтылған. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі хабарлады.

Фото: ЮНИСЕФ/Д. Бизуверк

Баяндамада 23 ел мен аумақтағы су құбырлары, тазарту станциялары мен санитарлық нысандарға жасалған әуе соққылары және өзге де шабуылдар туралы деректер қамтылған. Сондай-ақ мұндай шабуылдардан су жүйелеріне қызмет көрсететін мамандар мен сол жүйелерге тәуелді жергілікті тұрғындар да зардап шеккен. 2021 жылы сегіз елде осындай 45-тен аз оқиға тіркелсе, 2025 жылы 15 елде шабуыл саны 135-тен асқан. ЮНИСЕФ атқарушы директоры Кэтрин Рассел мұндай шабуылдар балаларды таза ауызсудан және суға тәуелді маңызды қызметтерден айыратынын айтты.

Шабуылдың жеті түрі

«Оқ астындағы су» баяндамасының төртінші шығарылымында 2021 жылғы қаңтар мен 2026 жылғы маусым аралығындағы деректер қамтылған. Онда әлемнің түрлі аймағында су инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың жиілегені көрсетілген.

Зерттеушілер шабуылдың жеті түрін анықтаған. Олардың қатарында су тазарту станциялары, құбырлар мен құдықтарды атқылау, су көздерін ластау, сондай-ақ суды тазартуға қажетті қосалқы бөлшектер мен химиялық заттарды жеткізуге кедергі келтіру бар.

Баяндамада Судан мен Газа секторындағы жағдайға да назар аударылған. 2024 жылғы наурызда Суданның Хартум штатындағы 13 су тазарту станциясының біреуі ғана толық жұмыс істеген. Ал Газа секторында 2023 жылғы қазаннан бері кәріз желілерінің 130 мың метрден астам бөлігі қираған.

Сондай-ақ су құбырлары мен сорғылар бүлінбесе де, электр энергиясының үзілуі салдарынан сумен жабдықтау тоқтауы мүмкін. Мәселен, 2025 жылғы қарашада Ирактың Күрдістан аймағындағы газ кен орнына жасалған дрон шабуылынан кейін өңірде электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 80 пайызға азайған. Соның салдарынан билік су нысандары, ауруханалар мен қалаларға берілетін электр энергиясын шектеуге және оны қайта бөлуге мәжбүр болған.

Су тапшылығы басқа да ауыр зардаптарға әкеледі

Ауызсу тапшылығы – мұндай шабуылдардың жалғыз салдары емес. ЮНИСЕФ мұндай жағдайдың балалар мен жергілікті тұрғындарға ұзақ мерзімді зиян келтіретінін және оның зардабы біртіндеп басқа салаларға да әсер ететінін атап өтті.

Таза су болмаған жағдайда ауруханалар медициналық құралдарды зарарсыздандыра алмайды. Сондай-ақ босандыруды және тамақ тапшылығына ұшыраған балаларға арналған емдік сүт қоспаларын дайындау қиындайды.

Баяндамада су алу үшін кезек күткен кезде қаза тапқан, жараланған немесе қауіп-қатерге тап болған балалар туралы да деректер келтірілген. Мұндай жағдайлар Газа секторында бірнеше рет тіркелген.

Су тасу көбіне әйелдер мен қыздардың міндеті болғандықтан, олардың қауіпсіздігіне төнетін қатер де ерекше алаңдаушылық туғызады. Атап айтқанда, олар жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы немесе білім алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

Су инфрақұрылымының мамандары да шабуылдардан зардап шегеді. БҰҰ мәліметінше, 2024 жылғы Ливандағы қақтығыс кезінде сумен жабдықтау кәсіпорындарының 14 қызметкері қаза тапқан.

ЮНИСЕФ не ұсынады?

ЮНИСЕФ қақтығысушы тараптарды, БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді, донорларды, гуманитарлық және даму ұйымдарын бірқатар шара қабылдауға үндеді:

  • қақтығыс аймақтарындағы су, санитария және гигиена жүйелерін, әсіресе балалардың өмірін сақтап қалу үшін аса маңызды инфрақұрылым ретінде қорғау;

  • қақтығыс жағдайында санитария және гигиена нысандарына жасалған шабуылдар туралы деректерді жүйелі жинайтын тетік құру;

  • су және санитария қызметтерін пайдаланатын балалар мен жергілікті қауымдастықтарды, сондай-ақ су және энергетика саласының мамандарын қорғау;

  • гуманитарлық қызметкерлер мен су және энергетика саласының мамандарына мұқтаж адамдарға және қажетті ресурстарға қауіпсіз әрі кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік беру;

  • қақтығыс жағдайына төтеп бере алатын шешімдерге инвестиция салып, қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуіне арналған жергілікті тетіктерді қолдау.

Нысандарды қалпына келтіруден бұрын қорғау маңызды

Баяндамада қаржыландырудың қысқаруы халықты таза сумен қамтамасыз етуге бағытталған гуманитарлық жұмыстарға кедергі келтіретіні айтылған. Су, санитария және гигиена саласында үйлестірілген гуманитарлық көмекке мұқтаж елдерде 137,9 миллион адам қолдауға зәру. Алайда биылға қажетті қаражаттың әзірше тек 26 пайызы ғана жиналған.

— Шабуыл саны артқанына қарамастан, гуманитарлық қызметкерлер судың үздіксіз берілуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Алайда нысандарды жөндеу халықаралық гуманитарлық құқықта көзделген оларды қорғау шараларының орнын баса алмайды, — деді Кэтрин Рассел.

Еске салайық, бұған дейін Газада атыс тоқтағанына қарамастан, 300 бала көз жұмғанын хабарлаған едік.