Газада атыс тоқтағанына қарамастан, 300 бала көз жұмды — ЮНИСЕФ
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр қазан айында ХАМАС пен Израиль қорғаныс армиясы арасындағы атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен бері Газа секторында кемінде 300 бала қаза тапқан. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі хабарлады.
Бұл мәліметті бейсенбі күні БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) жариялады. Ұйымның хабарлауынша, бүгінде Газа секторындағы отбасылар аумақтың шамамен үштен бір бөлігіне ғана сыйып, қираған ғимараттар мен үйінділердің арасында өмір сүруге мәжбүр.
— Күн сайын бір бала қаза тауып жатқанда, мұны атысты тоқтату деп айту қиын. Мұндай жағдай Газа балаларының үмітін ақтамайды, — деді ЮНИСЕФ-тің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша өңірлік директоры Эдуард Бейгбедер.
БҰҰ өкілі бейбіт келісімге қатысты жүргізіліп жатқан келіссөздерге тоқталып, әскери қақтығысты тоқтатуға және гуманитарлық көмекті көбейтуге бағытталған кейінгі мәлімдемелерді құптады.
— Газа балалары үшін ең маңыздысы — қантөгіс тоқтай ма? Оларға қажетті көмек толық көлемде жете ме? Ауруханалар қайта жұмыс істей ме, таза ауызсу беріле ме? Балалар қыркүйекте мектепке қауіпсіз жағдайда орала ала ма? — деді Бейгбедер.
Оның айтуынша, жасалған келісімдер сөз жүзінде қалмай, нақты іске асуы керек.
ЮНИСЕФ мәліметінше, Газа секторының барлық аумағында балалар әлі де аштық пен түрлі аурудан зардап шегіп отыр. Сонымен қатар олар таза ауызсу мен қалыпты жұмыс істейтін кәріз жүйесінің тапшылығын көріп келеді.
ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейін қақтығыс басталғалы бері БҰҰ Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетіп келеді.
Алайда көмек көлемін арттыруға қарамастан, ЮНИСЕФ мамандары медициналық орталықтарға жағдайы ауыр, аштықтан әлсіреген балалары бар аналардың әлі де көптеп жүгінетінін айтып отыр.
Гуманитарлық көмектің тапшылығы мерзімінен бұрын босану жағдайлары мен денсаулығы өте ауыр нәрестелердің көбеюіне де әсер еткен.
— Инкубаторлар жетіспейді. Кейде дәрігерлер бір аппаратқа екі, тіпті үш нәрестені қатар орналастыруға мәжбүр болып жатады, — деді ЮНИСЕФ өкілі Луиза Уотеридж.
Оның айтуынша, сәбилер медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек жетіспейтін, толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ ауруханаларда дүниеге келіп жатыр.
— Әлем бұл жағдайды атысты тоқтату деп атайды. Алайда Газадағы отбасылар әлі де балаларын жерлеп жатыр, — деді ЮНИСЕФ өкілі.
БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы Газа денсаулық сақтау органдарына сілтеме жасап, 2025 жылғы 10 қазанда атысты тоқтату жарияланғаннан бері өңірде 1 209 адам қаза тауып, 3 943 адам жараланғанын хабарлады.
Зорлық-зомбылық әлі де жалғасып жатқанына қарамастан, БҰҰ мен оның серіктестері Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырып келеді. Қазір мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 250 мыңнан астам бала жазғы білім беру бағдарламаларына қатысып жатыр. Бұл шаралар балаларға қалыпты өмірге деген сенімін сақтауға және соғыс кезінде жіберіп алған білімінің орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Израиль әскері Газа секторының барлық аумағында палестиналық бейбіт тұрғындарға қарсы шабуылдарын күшейтіп, азаматтық халық пен инфрақұрылым нысандарына жүйелі түрде соққы жасап жатқанын хабарлаған едік.