Әлемдегі ең биік ғимараттар рейтингі өзгеруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Парсы шығанағы елдерінде салынып жатқан жаңа зәулім нысандар әлемдегі ең биік ғимараттар рейтингін өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Arabian Business

Сауд Арабиясындағы Джидда-Тауэр мен БАӘ-дегі Бурдж-Азизи мұнараларының құрылысы аяқталған соң, әлемдегі ең биік ғимараттар рейтингінде тиісінше бірінші және үшінші орынға жайғасуы мүмкін. Олар Дубайдағы Бурдж-Халифамен бірге әлемдегі ең биік үш ғимараттың қатарына енеді, деп хабарлайды Arabian Business.

Қызыл теңіз жағалауында салынып жатқан Сауд Арабиясындағы Джидда-Тауэр мұнарасының биіктігі бір шақырымнан асады деп жоспарланған.

Құрылысты 2028 жылдың соңында аяқтау көзделіп отыр. Бұған дейін жоба бірнеше рет кейінге шегеріліп, құрылыс бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған.

Жоба толық жүзеге асса, биіктігі 1 000 метрден асатын Джидда-Тауэр әлемдегі ең биік ғимарат атанады. Осылайша 2010 жылдан бері 828 метрлік биіктігімен әлемдік рекордты сақтап келе жатқан Дубайдағы Бурдж-Халифадан да озады.

Saudi Binladin Group жобасының аға атқарушы директоры Иэн Норман Миллердің айтуынша, Джидда-Тауэр мұнарасының құрылысы 118-қабатқа дейін жетіп, биіктігі шамамен 474 метр болған. Бұл әлемдегі ең биік тұрғын үй саналатын Нью-Йорктегі Central Park Tower ғимаратының биіктігімен шамалас.

Қазір мұнараның құрылысы жүріп жатыр. Жоба бойынша ол 157 қабаттан тұрады.

Мұнарада Four Seasons қонақүйі, элиталық тұрғын үйлер, кеңселер және жобаны әзірлеушілердің айтуынша, әлемдегі ең биік шолу алаңы орналасады. Зәулім ғимарат «Джидда экономикалық қаласы» жобасының сәулеттік символы болмақ.

Джидда-Тауэр мұнарасының жобасын америкалық Adrian Smith Gordon Gill Architecture сәулет бюросы әзірлеген. Newsweek басылымының жазуынша, жобаның авторларының бірі — Дубайдағы Бурдж-Халифа мұнарасын да жобалаған сәулетші Адриан Смит.

Джидда-Тауэр мұнарасының пішіні жас пальма жапырақтарының шоғырын еске түсіреді. Ал қасбетіндегі ойықтар көлеңке түсіріп, нысанның қызуын азайтады.

Болашақта әлемдегі ең биік үш ғимараттың қатарына енуі мүмкін екінші нысан — Дубайдағы Шейх Заид көшесінде салынып жатқан Бурдж-Азизи мұнарасы. Оның жобалық биіктігі — 725 метр.

Azizi Developments компаниясы мұнара құрылысын 2028 жылы аяқтауды көздеп отыр. Алайда жоба әзірге бастапқы кезеңде.

Қазір негізгі құрылыс үдерісі іргетас плитасы мен тоғыз деңгейлі жерасты автотұрағына бағытталған.

Бурдж-Азизи мұнарасында тұрғын үйлер, қонақүй, сауда орындары, мейрамханалар мен шолу алаңы орналасады. Жобадағы биіктігіне жетсе, ол Джидда-Тауэр мен Бурдж-Халифадан кейінгі әлемдегі үшінші биік ғимарат атанбақ.

Қазіргі таңда әлемдегі ең биік ғимараттар рейтингінде Куала-Лумпурдағы биіктігі 679 метрлік Мердека-118 екінші, ал Шанхайдағы 632 метрлік мұнара үшінші орында тұр.

Парсы шығанағы елдеріндегі екі жобаның құрылысы аяқталып, мұнаралар жоспарланған биіктікке жетсе, Мердека-118 мен Шанхай мұнарасы әлемдегі ең биік үш ғимараттың қатарынан шығады.

Бұған дейін Грузияда ең биік зәулім ғимараттың жобасы таныстырылғаны хабарланған болатын.