Әлемдегі ең кәрі қызыл панда Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда Фута атымен танымал қызыл панда хайуанаттар бағындағы қызыл пандалардың ең кәрісі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Бұл туралы Jiji Press жазды.

Фото: Kyodo

Рекорд тіркелген сәтте Фута 23 жас 135 күндік болды. Ол мекендейтін Тиба хайуанаттар бағында осы оқиғаны атап өту үшін арнайы рәсім өтті.

Фута 2003 жылы 5 шілдеде Жапонияның орталығындағы Нихондайра хайуанаттар бағында туған. Бір жылдан кейін ол қазіргі мекені Тибаға ауыстырылды.

Фута 2005 жылы артқы аяқтарымен тұратын ерекше әдетінің арқасында танымал болды. Кейінірек ол тіпті теледидардағы жарнамаларда бой көрсетіп жүрді.

Фото: Jiji Press

Сарапшылардың бағалауынша, Футаның жасы қазір адам өмірімен өлшегенде жүзден асқан. Хайуанаттар бағының мәліметі бойынша, көру қабілетінің нашарлауына және екі аяғымен тұру қабілетінің жоғалуына қарамастан, панданың тәбеті жақсы әрі денсаулығы қалыпты.

Фута бүгінгі таңда пандалар арасындағы кәдімгі үбірлі-шүбірлі қария. Немере, шөбере, шөпшегі бар, тіпті неменесінің өзі бесеу.

Бұған дейін Қытайдағы алып пандалар популяциясы 830-ға жеткенін хабарлаған едік.

Ал Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров — пандалардың ең үлкен жанкүйері.