Әлемдегі ең көне алмұрт бағы: Қытай 500 жылдық табиғи мұрасын қалай сақтап отыр

ҚЫТАЙ. ЛАНЬЧЖОУ. KAZINFORM – Әлемдегі ең көне алмұрт бағы Қытайдың Ганьсу провинциясында орналасқан. Шичуань деп аталатын бұл бақтың тарихы шамамен 500 жылға созылады. Мұнда бес ғасыр бұрын тамыр жайған алмұрттар әлі күнге дейін гүлдеп, жеміс береді. Ал БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) бұл бақты «Жаһандық маңызы бар ауыл шаруашылығы мұрасы жүйесі» деп таныған.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Бес ғасыр бойы жеміс түйген ағаштар

Шичуаньдағы алмұрт өсіру дәстүрі Мин әулетінің Цзяцзин дәуірінен (1522-1566 жылдар) бастау алады. Содан бері бес ғасырға жуық уақыт өтсе де, бақ өзінің тарихи келбеті мен бағбандық дәстүрін сақтап келеді. Бүгінде көне бақтың жалпы аумағы 800 гектар. Оның 263 гектары арнайы қорғалатын негізгі аймақ ретінде белгіленген. Мұнда 100 жылдан асқан 9423 алмұрт ағашы өседі. Оның ішінде 6700-ден астам ағаш 100-300 жыл бұрын егілсе, 2 мыңнан астамы – 300 жыл бұрынғы тарихтың куәгері. Жалпы ағаштардың орташа жасы 280 жыл.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Бақтағы ең көне ағашты жергілікті тұрғындар «Алмұрт патшасы» деп атайды. Оның жасы 500 жылдан асады. Бірнеше ғасырлық ағаштардың биіктігі 7-9 метрге дейін жетеді. Кейбір алып ағаштардың діңінің жуандығы 4 метрге жуық, ал жайылған бұтақтарының диаметрі 15 метрге дейін барады. Соған қарамастан олар әлі күнге дейін жыл сайын өнім береді. Бір ағаштан орта есеппен 500 келіден астам алмұрт жиналады.

Шичуань бағында кейбір дәстүрлі әдістер әлі күнге дейін сақталған. Соның бірі – жергілікті халық «аспан баспалдағы» деп атайтын ұзын ағаш сатылар. Бағбандар сол сатылар арқылы бірнеше метр биіктікке көтеріліп, ағаш бұтақтарын реттейді, гүлдерді сиретеді, ауыр бұтақтарға тіреу қояды және өнім жинайды.

Шичуань бағында негізінен Дунголи (қысқы алмұрт) мен Жуаньэрли (жұмсақ хош иісті алмұрт) сұрыптары өсіріледі. Жалпы мұнда алмұрттың 20-дан астам түрі сақталған. Осы ерекшелігінің арқасында халықаралық ботаника мамандары Шичуаньды «тірі өсімдіктер музейі» деп бағалайды.

Әр ағаштың өз «төлқұжаты» бар

Шичуаньда көне ағаштарды қорғау тек суару мен күтім жасаумен шектелмейді. Соңғы жылдары мұнда табиғи мұраны сақтаудың цифрлық жүйесі енгізілген және әрбір ағаш ғылыми есепке алынған. Бақтың ортофотокартасы, ағаштардың орналасу сызбасы мен кешенді цифрлық картасы әзірленіп, барлық басқару жұмысы бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірілген.

2018-2019 жылдары жасы 100 жылдан асқан барлық 9423 ағаш толық түгендеуден өтті. Мамандар әр ағаштың нақты орнын GPS арқылы анықтап, бірыңғай электрондық базаға енгізді. Әрқайсысына жеке нөмір мен QR-код беріліп, арнайы қорғау тақтайшасы орнатылды. Осылайша әр ағаштың өзіндік электрондық «төлқұжаты» жасалды.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

2022 жылы бақ аумағында арнайы көшет тәлімбағы құрылды. Мұнда жыл сайын шамамен 2000 көшет өсіріліп, ескі ағаштарды алмастыру мен қалпына келтіруге пайдаланылады. Тәлімбақ іске қосылғалы мыңнан астам жас көшет отырғызылып, 135-тен астам алмұрт ағашы қайта жаңғыртылған. Ерте көктемде ағаш қабығы тазартылып, түбі қопсытылады, табиғи тыңайтқыш енгізіледі. Зиянкестермен күресте химиялық препараттарды барынша азайтып, биологиялық және физикалық әдістерге басымдық беріледі. Ал әлсіреген көне ағаштарды сақтау үшін көпірше қою сияқты дәстүрлі агротехникалық тәсілдер қолданылады.

Жергілікті билік ағаштарды қорғауға тұрғындарды да тартып отыр. Себебі көне бақ – жай ғана туристік орын емес. Шичуань аумағында ғасырлар бойы тұтас ауыл халқы ағаштармен бірге тіршілік етіп келеді. Олар туристерге қызмет көрсетіп, өнімдерін сатып, қосымша табыс таба алады. Сондықтан жыл сайын жергілікті шаруалармен және бақ аумағындағы туристік нысандар иелерімен 1760-тан астам келісімшарт жасалады.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Құжатта әр тараптың ағаштарды қорғау, күтіп-баптау және табиғи ортаны сақтау жөніндегі міндеттері нақты көрсетіледі. Мұндай тәсіл әрбір ағаштың жай-күйін тұрақты бақылауға, күтім жұмыстарын дер кезінде жүргізуге және табиғи мұраны сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Жеміс бағы ауыл экономикасын қалай өзгертті

Бүгінде Шичуань тек тарихи мұра емес, жергілікті халықтың тұрмысымен тығыз байланысқан экономикалық орталыққа айналған. Көне бақты қорғау мен тиімді пайдаланудың арқасында жергілікті халық үшін жаңа табыс көздері қалыптасты. Кәсіпкерлер алмұрттан табиғи шырын, шәрбат, шай, кофе қоспалары және басқа оннан астам өнім түрін шығарады.

Арнайы сақтау қоймаларының салынуы жемісті маусым кезінде ғана емес, жыл бойы сатуға мүмкіндік берді. Қазір Шичуань алмұрты Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу сияқты Қытайдың ірі қалаларының нарығына жеткізіледі.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Ал көне бақтың өзі ауыл туризмінің тартымды бағытына айналған. Мұнда әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі бар: көктемде туристер ақ гүлге оранған алмұрт ағаштарын тамашалауға келсе, жазда алып ағаштардың саясында демалады. Күзде келушілер жеміс жинау дәстүріне қатысып, жергілікті мәдениетпен танысады, ал қыста дәстүрлі әдіспен сақталған алмұрттың ерекше дәмін көреді.

Шичуаньда табиғи мұраны таныту мақсатында жыл сайын «Алмұрт әуені – Шичуань» фестивалі, Хуанхэ жағалауындағы мәдени шаралар, егіншілер мерекесі сияқты 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Бұл шаралар турист тартумен шектелмей, жергілікті дәстүрлердің сақталуына да септігін тигізеді. Сонымен бірге барабан өнері, халық әндері, темір қаңқалы театр қойылымдары, Хуанхэ тастарын өңдеу және ағаш түбірінен бұйым жасау сияқты мәдени мұра элементтері көпшілікке таныстырылады.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Шичуань жыл сайын 1 миллионнан астам туристі қабылдайды. Ал туризм саласынан түсетін табыс 200 миллион юаньнан асады. Осылайша бес ғасырлық алмұрт бағы табиғи мұраны сақтап қана қоймай, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің туристік әлеуетін дамытуға да үлес қосып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты нығайтып келеді. Бұған дейін Kazinform тілшісі Ганьнань-Тибет автономиялық округінің туристік әлеуетіне шолу ұсынған еді.

Сондай-ақ Қытай 300 жылдық Лабранг ғибадатханасын жаңғыртып, мәдени мұраларды реставрациялауға басымдық беріп келеді.