Әлемдегі ең ірі жүк тасымалдайтын дрон сынақтан сәтті өтті - шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХААшетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: CNR

Өзбекстан мен Қазақстан кеден және көлік саласында тәжірибе алмасуда – ӨзА 

Өзбекстан мен Қазақстан елдері арасындағы стратегиялық серіктестік тағы бір маңызды қадаммен толықты. Қазақстан делегациясы Өзбекстан Республикасының Кеден комитетіне ресми сапармен келіп, бауырлас елдің кеден және көлік жүйесіндегі заманауи жаңашылдықтармен танысты, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Фото: ӨзА

Сапар барысында қонақтарға Өзбекстан кеден қызметінің жаңғыру жолы, халықаралық стандарттарды енгізу мен цифрландыру бағытында қолға алынған ауқымды реформалар кеңінен таныстырылды.

Хабарламада айтылуынша, делегация мүшелері заманауи технологияларға негізделген Қашықтан электрондық декларациялау орталығының, мақсатты бақылау және тәуекелдерді мониторингтеу жүйесінің, сондай-ақ Call-орталықтың жұмысымен танысты.

Әрбір құрылымның тиімділігі, цифрлық шешімдердің мүмкіндіктері мен басқару тетіктері толықтай көрсетілді.

Мұндай мазмұнды кездесулер екі ел арасындағы сенім мен өзара түсіністікті одан әрі нығайтып, кеден және көлік саласындағы үйлесімді дамуға жол ашады.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Регистан алаңы әлемдегі ең көрікті орындардың қатарына енді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Фото: ӨзА

Аталған БАҚ-тың дерегінше, адамзат тарихында жер бетінде көрікті орындардың сан алуандығы мен сұлулығы әр дәуірде өз бағасын алып, өркениет айнасына айналып келеді.

Бұл тұрғыда Өзбекстанның бай тарихи-мәдени мұрасы, ғасырлар қойнауынан жеткен айбынды сәулет ескерткіштері әлем жұртшылығы мен туристерді өзіне тәнті етіп отыр.

Ашықаспан астындағы музей іспетті жергілікті қалалардағы көне жәдігерлер мен ескерткіштер ұлттық мұра ретінде ел абыройын асқақтатуда маңызды рөл атқарып келеді.

Жуырда «TimeOut» журналы 2026 жылға арналған әлемдегі ең әсем орындар тізімін жариялады. Аталған рейтингке жер шарындағы ең көрікті 51 мекен енген. Солардың қатарында Самарқандтағы Регистан алаңы да лайықты орын алды.

Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Әзербайжанға келді - Eurasia Today

Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев Әзербайжанға іссапармен келді, деп жазады Eurasia Today ақпарат агентті.

Фото: Eurasia Today

Еуразия Тудейдің хабарлауынша, 1 сәуір күні Гейдар Алиев атындағы халықаралық әуежай оны Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ, Батыс және Орталық Азия басқармасының бастығы Гюрсел Исмаилзаде және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды.

2 сәуірде Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкімет басшылары мен вице-президенттерінің екінші отырысы өтеді, деп жоспарланғанын жазады EurasiaToday.

Жиын барысында қатысушылар экономика, сауда, инвестициялар, көлік, цифрландыру, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тетіктерді жетілдіру жолдарын қарастырады.

Айта кетейік,аталған форматтағы алғашқы отырыс 2025 жылдың қыркүйегінде Бішкек қаласындаөткен.

Air Astana Алматы-Шанхайбағытын іске қосты – «Халық газеті»

30 наурыз күні Air Astana әуе компаниясының Алматыдан Шанхайға тікелей рейсі Шанхай Пудун халықаралық әуежайына қонды.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.

Фото: Халық газеті

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, жаңа бағыт аптасына үш рет орындалады: Алматыдан Шанхайға рейстер сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері ұшады. Ал Шанхайдан Алматыға рейстер дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері ұшады.

- Қазіргі уақытта Air Astana Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын қос бағыттағы жеті бағытты басқарады, оның ішінде Алматыдан Бейжіңге, Шанхайға, Үрімжіге және Гуанчжоуға қатынайтын бағыттары, тағы да Астана - Бейжің бағыты, Алматы мен Астанадан Саньяға чартерлік рейстер бар, деп жазады «Халық газеті».

Сонымен қатаросы аптада «Халық газеті» басылымында «Жібек жолындағы музыка мен би: өркениет алмасуының тарихи жаңғырығы» деген ақпарат жарық көрді.

Аталған басылымның мәліметінше, Қытайдың Хэнань мұражайында сақталған Солтүстік Ци әулетіне жататын сары сырлы құмыра Жібек жолы дәуіріндегі мәдени алмасудың айқын дәлелі болып отыр. Құмыра бетінде Орталық Азиядан тараған «Хутэн биі» бейнеленген. Зерттеушілердің мәліметінше, «Хутэн биі» қазіргі Өзбекстан аумағында пайда болған. Бұл – секіріп билейтін, ер адамдар орындайтын би түрі. Жібек жолы арқылы ол Қытайдың Орта жазығына жетіп, сарай мен халық арасында кең таралған.

Тарихи деректерге сәйкес, Чжан Цянь бастаған елшілік сапарлардан кейін Қытай мен Орталық Азия арасындағы мәдени байланыстар нығайып, музыка мен би өнері өзара ықпалдаса бастады. Әсіресе Суй және Тан әулеттері кезеңінде шетелдік музыкалық дәстүрлер жергілікті мәдениетпен үйлесіп, өнердің дамуына серпін берді. Бұл кезең Қытай музыкасы мен биінің гүлдену дәуірі ретінде бағаланады.

Қытайда 7 тонналық тұңғыш ұшқышсыз жүк ұшағы сынақтан өтті - CNR

2026 жылғы 31 наурызда Қытайдың Хэнань өлкесіне қарасты Чжэнчжоу қаласындағы Шанцзе әуежайында Чанъин-8 ірі тұрпатты жүк тасымал ұшқышсыз ұшағы алғаш рет сәтті сынақтан өтті, деп хабарлайды Қытайдың Орталық халық радиосы ақпараттық порталы.

Бұл аппарат қазіргі уақытта әлемде ұшырылған ең ірі жүк тасымалдайтын дрон ретінде тіркеліп отыр. Сынақ барысында ұшудың барлық кезеңін интеллектуалды жүйе басқарып, заманауи автоматтандырылған бақылау технологиялары қолданылды. Ұшу тұрақты өтіп, барлық жүйелер қалыпты жұмысістеген.

Аталған жетістік Қытайдың 7 тоннаға дейін жүк көтере алатын интеллектуалды ұшқышсыз тасымал платформаларын дамытуда маңызды кезеңге жеткенін көрсетеді. Ұшақ ұзақ қашықтыққа жүк тасымалдау, төтенше жағдайда көмек жеткізу және шалғай өңірлерді қамтамасыз ету үшін қолданылады. Оның ұшу қашықтығы 3000 шақырымнан асады.

Сондай-ақ осы аптада CNR басылымында «Роботтардың саудаға бет бұруы қарқынды дамып келеді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, роботтардың әртүрлі ортада кеңінен қолданылуына байланысты оларды жалға беру нарығы күн сайын жанданып, бұл саланың коммерциялану үдерісі жеделдей түсті.

Фото: CNR

Жалға беру форматы кәсіп саласы мен тұтыну нарығы арасындағы тиімді дәнекерге айналды.

Икемді қызмет көрсету тәсілі арқылы роботтар туристік аймақтарда, сауда орталықтарында, ойын-сауық орындарында, сондай-ақ кәсіпорындар мен мәдени-туристік жобаларда кеңінен қолданыс табуда.

Көптеген нысандар роботтарды қысқа мерзімге жалға алу арқылы келушілерді көбірек тартып, табысын арттырып, шығындарын жылдам өтеуге мүмкіндік алып отыр.

Зерттеу ұйымдарының болжамынша, 2026 жылы Қытайдағы роботтарды жалға беру нарығы қарқынды өсіп, оның көлемі 10 миллиард юаньнан асады. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 10 есе жоғары.

Дидро әсері: тұтыну әлегінің психологиялық себебі – TRT

Бір ғана жаңа зат сатып алу адамның қосымша тауарлар алуға деген ниетін арттыруы мүмкін.

Бұл құбылыс психологияда «Дидро әсері» деп аталатынын жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Фото: ТРТ

Түркиялық БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, аталған ұғым Дени Дидро есімімен байланысты. Философ жаңа халат алғаннан кейін өзге заттарын да жаңартуға ұмтылғанын жазған. Кейін бұл жағдай тұтыну мінез-құлқын түсіндіретін ғылыми ұғымға айналды.

Мамандардың айтуынша, жаңа сатып алынған зат адамның айналасындағы басқа бұйымдармен үйлесімсіз көрініп, қосымша шығындарға әкеледі. Соның салдарынан адамдар қажетсіз тауарларды да сатып алуы мүмкін. Бұл әсерді маркетинг саласында кеңінен пайдаланады.

Компаниялар өнімдерді бір-бірімен үйлесімді түрде ұсынып, тұтынушыны бірнеше затты қатар алуға ынталандырады. Сарапшылар артық тұтынудан сақтану үшін әр сатып алу алдында «Бұл маған шынымен қажет пе?» деген сұрақ қоюды ұсынады.

Түркиялық басылым осы аптада бұл тақырыпқа кеңінен тоқталған.